ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ ВЕБ-САЙТТАРЫ
kense.oo.ap@pavlodar.gov.kz
140 000 Павлодар қ., Кривенко көшесі, 25
32-21-67
сенім телефоны/Call-орталық
8 7182 32 19 37

Сайт отдела образования города Павлодара
Сайттың аналитикасы
Бір жылда
Бір айда
Бір аптада
Кеше
БІЗ ҮШІН ЕҢ БАСТЫСЫ – БІЛІМ САПАСЫ
10-04-2013 12:38
БІЗ ҮШІН ЕҢ БАСТЫСЫ – БІЛІМ САПАСЫ

 

БІЗ ҮШІН ЕҢ БАСТЫСЫ – БІЛІМ САПАСЫ

Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған  Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың  екінші жылы аяқталды. Ендігі жерде артта қалған қиындықтарды ой елегінен өткізіп,  алғашқы жетістіктерді,  сондай-ақ, қылаң берген жаңа айшықтарды да саралайтын уақыт келген сияқты. ҚР Білім және ғылым министрі  Бақытжан Жұмағұловпен арада болған әңгіме осы бағытта өрбіді.

 

-                     Бақытжан Тұрсынұлы, жақында Үкіметте мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы туралы баяндамаңызда, сіз қысқа мерзім ішінде ондаған түбегейлі жаңалықтар еңгізілгенін атап өттіңіз. Мемлекет үшін ерекше маңызы бар деп есептейтіндерін атай аласыз ба?

-                     Біз іске қосқан немесе қосқалы жатқан жаңа тетіктердің бәрі де  маңызды. Олардың барлығы мемлекет басшысы  қойған  жаңа сапалы білім беру жүйесіне көшу сияқты амбициялық міндетті шешуге жұмылдырылған.  Менің ойымша, елді елең еткізетіні – электрондық білім беру, жан басылық қаржыландыру, сапаны ұлт деңгейінде қадағалау, Кембридж университеті бағдарламасы бойынша оқытушылар біліктілігін арттырудың мүлдем жаңа жүйесі, колледж және жоғары оқу орындарының түлектерін тәуелсіз сертификаттау. Сонымен қатар академиялық мобильділік бағдарламаларын жетілдіру, жыл сайын 1000-нан астам таңдаулы шетел профессорларын шақыру, жоғары оқу орындары желісін оңтайландыру және т.б. шаралар арқылы жоғары білім беру сапасын жақсарту.  Бұл жаңалықтар білім алушыларды  мейлінше кең қамтып, педагогтар мен ата-аналар, тұтастай алғанда қоғамның ықыласын тудыруда.      

-                     Сіз электрондық білім беру жүйесін ілгері орынға қойдыңыз.  Бұл тақырып Сізге математик-ғалым ретінде ерекше жақын болар? Әйтсе де,  жаңа технологияларға көшу мұғалім рөлін төмендетіп жібермей ме?

-                     Шындығында, электрондық білім беру жүйесі, немесе, халықаралық  терминология бойынша e-learning,  маған кәсіби тұрғыдан айтарлықтай жақын. Бірақ мәселенің мәні онда емес. Керісінше оның білім беру үдерісінің барлық деңгейлерінде, бала бақшадан жоғары оқу орнына дейін, түбегейлі өзгерістер еңгізуінде. Қазіргі таңда e-learning жүйесін енгізу әлемде жетекші трендтер қатарына қосылды. Өйткені компьютерлік технологиялар кәсіби экзотика қатарынан шыққалы қашан, ол  күнделікті өмірдің, ең алдымен жастардың қажеттілігіне айналды. Оқушылар мен студенттер компьютерден, планшеттен немесе басқа да жабдықтардан оқулықтар оқуға мүмкіндік алып қана қоймай,  оқулық адаммен әңгімелесе алатын, сұрақтар қойып, түсініксізді түсіндіре алатын, қызықтырған мәселені тереңірек зерттеуге мүмкіндік беретін интерактивті білім алу жүйесіне айналады. Бұған қоса заманауи мультимедиялық  мүмкіндіктер арқылы ең атақты педагогтар мен оқымыстылардың графика, бейне пайдаланылған дәрістері мен сабақтарына    қол жеткізуге болады.  Қазір біздің жастарымызда осындай мүмкіндіктер бар. Білім алу барысы да әлдеқайда қызықтырақ өтуде. Нәтижесі де айтарлықтай: e-learning жүйесін кеңінен қолданып жүрген дамыған елдердегі үлгерім 15-2о пайызға  өскен. Яғни оқушы анағұрлым мол білім байлығымен өмірге қадам жасайды!  

2011 жылы 44 білім беру мекемесінде өткізілген пилоттық жоба барысында мұндай нәтижеге біз де қол жеткіздік. Бүгінгі таңда бұл жобаға 600 мектеп пен колледж қосылды, олардың саны тез қарқынмен өсетін болады. Үш немесе бес жылдан кейін білім беру мекемелерінің басым көпшілігі осындай сабақ беру жобасын игереді. Нәтижесінде білімді игеру артып қана қоймай, ел өңірлерінің арасындағы, қала және село арасындағы білім сапасы теңесетін болады. Оқушының қай жерде тұрып білім алатынына қарамастан, электрондық білім беру оған оқу материалдарының ең жоғарғы сапасын ұсынады.

Бізде 7,5 мыңнан астам сандық білім беру қоры – электрондық оқулықтар мен құралдар, бейнесабақтар, электрондық кітаптар жасалған. Бұл орта білім мазмұнының үштен бірін құрайды. Жалпы алғанда біздің білім берудің барлық бағдарламалары бойынша қазіргі заманға сай интерактивтік материалдарды қолданатын күніміз алыс емес.

Ал мұғалімнің ролі еш азаймайды, өйткені кәдімгі сабақтар жойылмайды. Педагог білім берудің жаңа құралдарына ие болады, оны дәстүрлік әдістермен қатар тиімді қолдану бірінші кезекте, тек ұстаздың өзіне байланысты. Күні кеше ғана мұғалім өскелең ұрпақ үшін білімнің ең басты, тіпті жалғыз қайнары болды. Бүгінде жағдай мүлдем басқа. Әр оқушының алдында телегей-теңіз ақпарат бар. Бұл ақпараттар адамзаттың таптырмас жетістігі – ғаламтор және ғаламдық қатынас технологияларының көмегімен келеді. Қазіргі таңдағы балалар өз өмірін онсыз елестете де алмайды.

Мұндай жағдайларда мұғалімнің ролі сапалық тұрғыда өзгереді. Ол өз қуатын жастар санасына құятын үлкен білім оркестрінің  дирижері болуы керек. Ол балаларды өз пәніне ғана оқытып қоймай, мағлұматты өздігінен табуды, неғұрлым маңыздыларын іріктеп, кәдеге аспайтын, кей сәтте тіпті қажетсіз ақпараттық ағымдарды сүзгіден өткізіп отыруы қажет. Бұл – мұғалімнің түбегейлі жаңа және оңайға түспейтін миссиясы.

Айтпақшы, Қазақстанда енгізіліп отырған e-learning жобасы бірегей, басқа елдерде қолданылып отырған үлгіден көптеген өзгешеліктері бар. Ол электрондық оқытумен қатар, тағы екі деңгейді: оқу үрдісін басқару және білім беру мекемелерін басқаруды қамтиды. Мұғалім оқуды жоспарлаудың автоматтандырылған құралдарына: сабақ кестесіне, сабақтар жоспарын құруға және үлгерімді бақылауға қол жеткізеді. Нәтижесінде оның әртүрлі анықтамалар даярлау және есеп беруден қолы босайды. Мектеп әкімшілігі сәйкесінше есеп беруді басқарудың автоматтандырылған тетігіне ие болады.

Жүйенің жұмысын министрліктің «Қазақтелекомдағы» басты қуатты сервері және облыстарда орналасқан серверлер қамтамасыз етеді. Бұл жерге барлық мағлұматтар келіп түседі және онда барлық оқу материалдары сақталады. Мұнда пайдаланушыларға әлемдік таңдаулы білім қорына қол жеткізуге, таңдауға мүмкіндік берілуі де аса маңызды. Сонымен қатар зиянды және мазмұнында білімді игеруге кедергі келтіретін ғаламтор ресурстарына кіру сүзгіден өтеді. Жалпы алғанда, мұның пайдасы өте көп, сондықтан үлкен шығындарға қарамастан, мемлекет осы жүйені жаппай енгізудің жолын таңдады , себебі бұның артында білім берудің жаңа сапасы тұр.

– Қазір жан басына шаққандағы қаржыландыру жөнінде көп айтылып та, жазылып та жүр. Мұндай қадам біздің орта білім беру саласына қандай өзгерістер әкелмек, мектептерді қаржыландыру қысқармай ма?

Ешқандай шығындар қысқартылмайды, керісінше олар көбейеді. Осы жылдың қыркүйек айынан біз еліміздің төрт аймағында 50 мектепті қаржыландырудың қанатқақты жобаларын енгізуді бастаймыз. Одан кейін бұл жоба жаппай енгізілетін болады.

Жан басына шаққандағы қаржыландыру екі мақсатты көздейді. Біріншісі – сапалы білім алудың ережелерін теңестіру болса, екіншісі – оның сапасын көтеру. Қазір аймақтарда бір оқушыға жұмсалатын шығындар біркелі емес, өңірлерде 2,5 есеге дейінгі көлемде ерекшеленеді. Яғни, біз тегін орта білімге кепілдік бере отырып, оның жемісті болуына кепілдік бере алмаймыз. Жан басына шаққандағы қаржыландыру кезінде әр оқушыға бірдей қаржы бөлінетін болады, бұл білім сапасының оқу орнынан тәуелділігін азайтады.  

Екінші мәселені біз өте мұқият зерттеп, бір қорытындыға келдік. Ұстаз оқу процессіндегі басты тұлға болғандықтан, оқу тиімділігінің 90 пайызы тікелей ұстазға байланысты. Сондықтан, ұстаз еңбегін ынталандырып, сараланған ақы төленуі тиіс. Мұндай тетік бізде әлі қарастырылмаған, сондықтан педагогтарды ынталандырудың арнайы қорын енгізу қажет.

Сонымен қатар, жан басына қаржыландыру жүйесі мектептер арасындағы шынайы бәсекелестіктің элементтерін енгізуге ықпал етеді. Бұл жүйенің  негізін Елбасы аса дәлдікпен белгіледі: «Ақша оқушыға қызмет ету керек». Бұл дегеніміз – егер ата-ананы немесе оқушыны өзі оқып жүрген мектептің сапасы қанағаттандырмаса, өзіне тиесілі ақшамен басқа мектепке ауысуына құқы бар. Мұндай жағдай мектеп әкімшілігі мен жергілікті атқарушы органды дилеммаға итермелейді: оқытушылар құрамы мен материалдық базаны, оқыту үдерісінің сапасын арттыру, не болмаса, оны жабу. Бұл – халықтың, жалпы алғанда, бүкіл мемлекеттің мүддесі бірінші кезекте қарастырылатын бәсекелестіктің өте қатал, бірақ әділ механизмі. Аталмыш жүйеде жұмыс істейтін мектептер шаруашылық басқару формасына өтіп, онда бақылау кеңестері жұмыс істей бастайды. Мұндай кеңес тек шартты функционалды ата-аналар комитетінің ісімен айналыспай, қаржылық мәселелерде, мектептің басшысын белгілеуде өзіндік өкілеттілігі бар кеңес болмақ.

Сондай-ақ, жан басына қаржыландыру жүйесі мектепке дейінгі оқыту саласында қолданысқа еніп, жоғарғы тиімділік көрсетіп келеді. Бұл салада аталмыш жүйе балаларды мектепке дейінгі дайындық саласында айтарлықтай үлес қосып келе жатқан мемлекеттік жеке серіктестіктің  негізі болып табылады. Осы тектес серіктестіктің тиімді механизмі елімізде көп емес. Дей тұрғанмен, білім саласы бұл мәселеде өзін жақсы көрсете білді.

 

- Кәсіптік-техникалық мекемелер түлектерінің тәуелсіз сертификаттауын ендіргеннен соң  одан қандай нәтиже күтетін ойыңыз бар?

 - Бұл қадам оларды даярлау барысында, принциптік тұрғыда алғанда көптеген нәрсені өзгертеді. Кәсіптік және техникалық білім берудегі іркіліп қалған қасіретіміз – оның өндірістік сектордан алшақтап кеткендігі, колледждер болашақ мамандарды оқыта отырып, олардың даярлық деңгейін өздері бағалайтыны қисынға келмейді енді. Өндірістік тұрғыда оқыту қабілеті жеткілікті кәнігі  мамандар тапшы, оларды колледждерде байлап қойсаң да ұстап тұра алмайсың, себебі өндіріс ошақтарына қарағанда мұндағы жалақының мөлшері тым аз.  Бұл мәселе көкейтесті екенін айтудың өзі артық,  сол себепті олардың өндірістік квалификациясына байланысты шеберлердің  еңбек ақысын лайықты төлеу үшін, біз Үкіметке қосымша 1,6 миллиард теңге бөлуге ұсыныс жасадық. Бұл білім берудің осы саласында тер төгетін мамандарға деген сұранысты арттырар еді.

Алайда, мұнымен іс бітті деп айту әлі ерте. Техникалық және кәсіптік білім беру студенттерінің даярлығы колледж әкімшілігінің қиялына қабыспай, жұмыс берушілердің нақты талаптарымен үндескені жөн. Тек сонда ғана біз кәсіпорындардың  ынтызарлығын туғызатын бәсекеге қабілетті түлектерді шығаратын боламыз.

Бұл тұста Оңтүстік Кореядан үйренетін нәрсе көп. Мамандардың кәсіпқойлығына айрықша ден қою елдің дамуына сүбелі үлес қосатынын көрсетті емес пе. ХХ ғасырдың 70-жылдардың басында бұл елде  ІЖӨ жан басына шаққанда небәрі 200 доллар ғана болатын. Ал 1973 жылы онда «Техникалық біліктіліктің ұлттық жүйесі туралы» Заң қабылданып, технологиялар саласында әлем дамуындағы жетекші- елдер қатарына қосылу жөнінде міндет қойылды. Олардың біліктілігінің барлық деңгейінде  мамандардың қатаң тәуелсіз сертификаттау процесі ендірілді. Ал олардың мансап баспалдағымен өрлеуі  нағыз кәсіпқойлар алдында  тест тапсыруына байланысты еді. Соның нәтижесінде, 2010 жылы Кореяның ІЖӨ 100 есеге дейін өсіп, ол технологиялық елдердің әлемдік элитасына тегеурінді түрде кірді. Нәтижесін бәрі біледі, Корея Республикасын «азиялық жолбарыс» деп қазір тегін атамаса керек.

   Дәл сол сүрлеумен біз де жүргеніміз ләзім, әйтпесе жалпыәлемдік бақталастыққа төзіміміз жетпей, дамыған елдердің көшіне ілесе де алмай қаламыз – мұны  Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі қадап-қадап айтып жүрген жоқ па! Қазір Елбасы тапсырмасымен ауқымды жұмыс басталып кетті, оған бізден басқа  көптеген басқа министрліктер, ведомстволар, жергілікті органдар, мемлекеттік корпорациялар, жұмыс берушілер қауымдастығы қосылған.

  Біз, шын мәніне келгенде  Қазақстандағы біліктіліктің мүлдем жаңа жүйесін қалыптастырып отырмыз. Бұл бағытта әлемдік тәжірибе жүйелі түрде талдаудан өтті, оның негізінде  біліктіліктің ұлттық және салалық  жүйелері әзірленді. Жұмыс берушілердің қатысуымен кәсіптік стандарттар жасалынуда. Бұл біздің елімізде бола қойған жоқ, оған біліктіліктің әрбір деңгейіндегі мамандарға жұмыс берушілердің нені білуі тиіс, нені істей алатыны, қандай міндеттерді шешетіні  секілді базалық талаптары енген. 

Сонымен бірге, мамандардың біліктілігін оқу орындары емес, жұмыс берушілердің өздері растайтын болады. Осы мақсатта жұмыс берушілер бірлестіктерінің базасында біліктілікті растайтын үш тәуелсіз орталық құрылды. Олардың басты артықшылығы – экономикамызға нақты қажет, өз ісін жетік білетін мамандарды ғана сынақтан өткізетін болады. Осындай орталықтар Қазақстанның барлық негізгі салаларында құрылмақ.

Сондықтан кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары мен оларда оқитын студенттер үшін құндылықтарды ой елегінен қайта өткізетін кез келді. Бәлкім, білім алу бұрынғыдан қиындай түсетін болар. Есесіне, білім сапасы жаңа деңгейге көтеріліп, білім алушылардың болашақта өндіріске қажетті дайын маман болып шығатынына сенімі артады.

Сонымен қатар, біз оқу процесіне кәсіптік даярлау ісінің көшбасшылары Германия, Канада, Сингапур сияқты елдердің озық тәжірибесін жүйелі түрде енгізуді көздеп отырмыз. Атап айтқанда, Қазақстанда дуальді оқыту жүйесі кеңінен таратыла бастады. Бұл жүйе бойынша студенттер оқу уақытының басым бөлігін колледжде емес, өндірісте өткізеді. Осылайша, жұмыс берушілер мамандарды даярлауға қойылатын талаптарды әзірлеп қана қоймай, тікелей оқу процесіне де араласуда.

Бүгінгі таңда дуальді оқытудың кейбір элементтері жүздеген кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарына енгізілді. Бұл тәжірибені жүйелі түрде игеруді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының базалық кәсіпорындары арқылы жүзеге асырамыз. Қазірдің өзінде оған 100-ден аса кәсіпорындар қосылды, алдағы уақытта одан да көп болмақ. Нәтижесінде мамандардың сапасы мен оларға деген сұраныс артып келеді. Оның үстіне ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес түлектерді жұмысқа орналастыру жауапкершілігі жергілікті билік органдарына, ал мониторинг жүргізу міндеті біздің министрлікке жүктелген болатын. Осылардың бәрі кәсіптік-техникалық білімнің беделін көтеріп, жастардың болашаққа деген сенімділігін арттырады.

 

-Соңғы кездері мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы көп айтылуда, бұл тақырып жөнінде Елбасының өзі де айтқан болатын. Біз бұл жүйеден не күте аламыз, ол жоғары білім беру жүйесіне қаншалықты әсер етпек?

Бұл – бірегей жүйе, оның баламасы санаулы дамыған елдерде ғана кездеседі. МБЖЖ мақсаты – білімге қолжетімділікті кеңейту, қазақстандықтардың балаларын жоғары оқу орындары мен колледждерде оқыту үшін қаржы жинақтауына жәрдемдесу. Ол үшін депозит бойынша әдеттегі пайыздарға қосымша ретінде жылына 5%, ал халықтың кейбір топтары үшін 7% көлемінде нысаналы мемлекеттік сыйлық енгізілді. Бұл отбасының табысы жоғары болмаса да, балаларын оқыту мүмкіндігін кеңейтудің жақсы амалы деп ойлаймын. Осы орайда әлеуметтік теңдік жағы да ескерілген.

Сондай-ақ, барлық жоғары мектеп жүйесіне әсер етуі мүмкін тағы бір жағдай қаржыландырудың әртараптандырылуы болып табылады.

Бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындары үшін негізгі қаржы көзі – оқу ақысы, яғни халықтың ақшасы. Ал, жекеменшік жоғары оқу орындары үшін бұл тіршілік етудің бірден бір көзі деуге болады.

Алайда, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жоғары оқу орындарын қаржыландыру арналары әртараптандырылған елдер неғұрлым жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Бұл елдерде студенттердің оқу ақысы жалпы қаржыландыру көлемінің аз бөлігін ғана құрайды (мысалы, АҚШ-та – 20-30%). Қалғаны – орталық және жергілікті органдардың, бизнестің, эндаумент-қорлардың, демеушілердің салымдары, басқа ұйымдардың тапсырыстарынан келетін түсімдер және т.б. Осылайша, бұл елдердің студенттері жұмсалатын шығынмен салыстырғанда қымбатырақ және сапалы білім алады. Біз де осы жолмен жүруіміз қажет.

Сондықтан, жоғары білімге салынатын мемлекеттің инвестициясы, әсіресе, мемлекеттік гранттар есебінен жылдан-жылға көбейіп келеді. Егер осыдан 3-4 жыл бұрын гранттар оқуға түсушілердің шашамен 20 пайызының шығынын жапқан болса, бүгінде үштен бір бөлігін құрайды. Білім беру жинақтау жүйесінің енгізілуіне қарамастан гранттар саны ұлғая бермек.

Ал, МБЖЖ енгізілетін болса, мысалы, 7 жыл қаржы жинақталған жағдайда, сыйлық есебінен мемлекет қаражаты оқу құнының 15-20% жабатын болады. Оған қосымша банк сыйақысы, яғни бизнестің салымы есебінен 20-25 %. Сонда салымшы оқу ақысының тек 60%-ын ғана өтейді. Бұл –азаматтар үшін тиімді шара.

Әрі бұл дегеніңіз мемлекеттік әлде жекеменшік жоғары оқу болғанына қарамастан мемлекеттің үлесін арттыру арқылы жоғары мектепті қаржыландырудың нақты әртараптандырылуы. Сондай-ақ, бизнестің белгілі бір үлесі болмақ. Бұл жұмысты жалғастыра отырып, мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындары қайырымдылық көмек, бизнестің салымы және сол сияқты басқа да қаржы көздерін іздестіруге назар аударулары керек деп ойлаймын.

ЖОО-ларды оңтайландыруды маңызды шаралардың бірі ретінде атап өттіңіз. Оның мақсаты қандай? Қазіргі таңда  көптеген ата-аналар балаларына  жоғары білім беруге тырысуда. Оңтайландыру мамандар даярлауда қысқартуға әкеп соқпай ма?

-                     Жоқ. Оған ешқандай әсер етпейді. Оңтайландыру  Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша жүргізілуде. Бұл жердегі басты міндет бітірушілердің саны емес, ең басты екі мәселе қойылып отыр – оларды даярлау сапасы мен экономикаға қажеттілігі.

Оқытушылар құрамы мықты, заманауи материалдық-техникалық базасы бар, кәсіпорындармен және еңбек нарығымен тиімді байланыста жұмыс жасайтын жоғары оқу орындары ғана мамандарды сапалы даярлай алады. Бұл аксиома.  Әлемдік білімнің көшбасында тұрған Финляндияның өзінде жоғары оқу орындарын ірілендіру саясаты жүргізілуде.

Бізде өкінішке орай, бұл талаптар, әсіресе жоғары оқу орындарының жеке секторында сақталмайды. Планетамыздың көптеген жетекші университеттері – мемлекеттік емес, және көптеген елдерде, ең алдымен АҚШ-та аталған сектор басым болып келеді.

Дегенмен, бізде көптеген жеке меншік жоғары оқу орындарының базалық бағдары олардың деңгейінен әлдеқайда төмен екені ешкімге жасырын емес. Біріншіден, олардың біразын ірі деп атауға болмайды, базасы мен оқытушылар контингенті төмен.

Екіншіден, олар таза теориялық дайындықпен, бірақ оқу төлемі қымбат, шығыны ең көп мамандықтарды таңдаған. Көбінесе басымдық  күндізгі оқу нысанына емес, шығыны аз сырттай және кешкі дайындық  бөлімдеріне жасалады, Олардың «сапасының» қандай болатынын барлығымыз жақсы білеміз. Шындығына келгенде, бұл білімнің емес, «диполом алу фабрикасы». Тіптен жылсайын сырттай бітірушілердің саны толыққанды білім алған күндізгі білім алушылар санынан артып кететін жағдайға жеттік. Мұндай үрдіс бұдан әрі жалғаса беретін болса қоғам үшін өте қауіпті болмақ және сапалы даярлық деген ұғымның жойылуына әкеп соғуы мүмкін.

Үшіншіден, біздің жоолар көбінесе халық сұранысын ескереді және негізінен заңгер, экономист,т.б. сияқты «беделді» мамандарды даярлайды. Мысалы, жақында  Alma TV-дан  мынадай хабар айтылды: «Жыл сайын алматы жооларын бітірушілерінің жартысынан көбі оқуды аяқтаған соң жұмысқа орналаса алмайды. Зерттеу көрсеткендей, жұмыссыздық проблемасын отандық білім беру жүйесі тудыруда.  Алматылық талапкерлер көбінесе еңбек нарығына қажетсіз мамандықтарды таңдайды». Зерттеушілер сұранысы төмен кәсіптердің қатарына – халықаралық сала мамандары, қаржыгерлер, заңгерлер және экономистер жататынын көрсетіп отыр. Бірақ, көптеген жекеменшік жоғары оқу орындары нақ осы мамандықтарға бағдар жасайды, осылайша  қаншама адамдарды жұмысқа орналастыру мүмкіндігінен айырады. Сондықтан жұмысқа тек таныс арқылы орналасады немесе мамандығы бойынша орналаспайды. Бұл әрине, тығырықтан шығар жол емес!

Демек, оңтайландыру бойынша маңызды  шаралар керек. Бұл тек арифметикалық қысқарту емес, ең алдымен,  жооларды ірілендіру, олардың кадрлық әлеуетін күшейту және еңбек нарығының нақты сұранысына бағдар жасау.

 

Қазіргі таңда ірілендіру арқылы жоолардың саны 149-дан 136-ға азайды. Осы процесс жалғасатын болады. Бұл ретте материалдық база, оқытушылық құрам бітірушілердің қажеттілігі бойынша нақты талдау жүргіземіз. Елбасының тапсырмасы шеңберінде мемлекеттік жоолар да оңтайланатын болады. Ал студенттер контингенті қысқартылмайды, біріктірілетін жоолардың барлық студенттеріне оқуларын жалғастыру үшін  жағдайлар жасалатын болады.

- Өткен жылы ресей басылымында Қазақстанның білімді жаңғырту ісіндегі табыстары бәсекеге қабілеттілік жолында нағыз серпінділік танытты деп атап көрсетілді. Ал біздің еліміз аталған салада Ресейді қоса алғандаТМД елдерінің арасында көшбасшы атанды. Сіз айтып отырған жаңалық осы көшбасшылықты жалғастыруда. Алайда бұл жаңалықтар әлдекімнің мүддесін сөзсіз  қозғауы мүмкін гой. Осының салдарынан қиындықтар туындамай ма, тіптен қарсы әрекеттерде болуы мүмкін ғой? Оларды қалай жеңуге болады?

-Сіз айтып отырған шетелдік сарапшылардың пікірлері өте орынды. Аталған табыс білім саласына, адами капиталды дамытуға зор көңіл бөліп отырған Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев феноменінің бір бөлігі ғана. Табысқа  сөзсіз қолжеткізілуде.

 

Сіз келтіріп отырған шетелдік сарапшылардың пікірі өте орынды. Аталған серпін – білімге, адами капиталдың дамуына ерекше назар аударатын Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың феноменінің бөлігі. Бұл бізді табысқа ғана жеткізеді. 

Практикада мұндай өзгерістер енгізу оңай шаруа емес. Біреулерге мұндай өзгерістердің мүлдем қажеті жоқ, біреулер талаптарға сәйкес келмей қалады, орнын, беделі мен табыс көзін жоғалтады. Осыған байланысты наразылық туындап, тіпті қарсы әрекеттер де байқалып жатады. Мысал келтіріп өтейін.

Бірінші – ғылыми дәрежелердің жаңа жүйесіне көшу. Өзіңіз білесіз, кандидаттық және докторлық диссертациялардың бұрынғы жүйесі соңғы онжылдықта іс жүзінде жоғала бастады. Мынадай келеңсіз фактілерге қараңыз: «жаңадан дәреже алған» мамандардың 4%-ы ғана ғылым мен білімді толықтырған. Ал басым көпшілігі дәрежені мемлекеттік органдағы немесе бизнестегі бедел, мансап үшін, басқа біреулері тіпті ғылыммен байланысы жоқ мақсатта «алған». Яғни аталған жүйенің пайдалы жағының коэффициенті ХІХ ғасырдағы Стефенсонның алғашқы паравозы сияқты.

Сондықтан Президент халықаралық талаптар бойынша кадрлар даярлаудың жаңа жүйесіне көшу туралы шешім қабылдады. Осы себептен, ескі ғылыми дәрежелерді беретін 200-ге жуық кеңесті жабуға тура келді. Мұның айтарлықтай наразылық тудыратыны анық. Ғылыми дәрежелерді алуға деген ұмтылыс көптеген онжылдықтар көлемінде біздің ғылыми өмірімізге шектеу қойды. Сондықтан, бұл «аяққа тұсау» болды, бірақ басқа жол болмады. Әсіресе, диссертациялар қорғау, жасыратыны жоқ, ақылы қызмет көрсету саласына айналды. Клиенттер үшін диссертация жазатын адамдар, қажетті журналдарға жарияланым дайындап, кеңестерде қорғап шығуға кепілдік беретін құрылымдар болды. Біз олардың қалай жұмыс істегенін білеміз...  

Өзгерістерге ғылыми дәрежені «алып» үлгермегендер ғана емес, сонымен қатар диссертациялық кеңестердің бұл істен едәуір пайда көретін мүшелері де көңілі толмады. Көптеген қиындықтармен қатар қарсы шығып, теріс қоғамдық пікір қалыптастыру әрекеттері де болды. Есесіне керемет нәтиже берді – қазір жас PhD докторлардың 90%-ы ғылым мен білімге жұмыс істеуге барады. Яғни ғылыми кадрларды даярлау жүйесінің пайдалы әсер коэффициентін 20 еседен асырдық.

Әсіресе, бұл ресей тәжірибесімен салыстырғанда жақсы көрінеді. Қазіргі уақытта көршілеріміз осы проблемаға кез келіп отыр және бұл ұлттық қауіпсіздікке деген қатер ретінде қабылдануда. Мұның шешімі әзірше табыла қойған жоқ, «Кім кінәлі?» деген дәстүрлі сұраққа жауап іздестірілуде. Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының арқасында бұл проблемалардың барлығы өткеннің еншісінде қалып, жаңа бағыт алдық.   

Ғылымды басқарудың жаңа моделін енгізу кезінде көптеген өкілеттіктерді Ұлттық ғылыми кеңестер мен халықаралық сарапшылар сияқты ғылыми қоғамдастыққа беру тура келді. Бұл біздің министрлікке «оңай соққан жоқ». Өйткені, шенеуніктердің ықпалының басты тұтқасы жойылды. Қиын да болса мұндай қадамға баруға белді бекем будық.

Тағы бір мысал – ұлттық білім сапасын бақылау вертикалін енгізу. Алғашында бұл жергілікті органдардың ашық наразылығын тудырды. Кемшіліктерді көрсеткенді кім жақтырады? Уақыт ете келе, облыс әкімдіктері оның пайдасын түсініп, қолдау білдіре бастады. Бүгінде бұл тетік өңірлермен өзара байланыс жасаудың басты элементтерінің біріне айналды. Жергілікті атқарушы органдардың көпшілігі проблемалы мектептердің кадрлық және материалдық базасын дамытуға шындап кірісті.       

Мұғалімдердің біліктілігін арттыру институттары бойынша да жергілікті органдармен келіспеушіліктер орын алды. Себебі, қайта даярлаудың жаңа жүйесі арқылы олар орталықтың қарамағына өтуге тиіс болды. Кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарын бітірушілердің жоғары оқу орындарына кешенді тестілеу арқылы түсу мәселесі бойынша белгілі бір топтар барынша қарсылық танытты. Бұл оқушыларды білімін қандай да бір тексерусіз жоғары оқу орындарына қабылдау үшін делдалдық байланыстарды ұйымдастыратын бірқатар колледждер мен жоғары оқу орындарына ауыр соқты.  

Қазіргі таңда ең өзекті әрі күрделі мәселе, өзіңіз түсініп отырғандай, жоғары оқу орындарын оңтайландыру. Әрине, көптеген жеке тұлғалар мен ұйымдардың мүдделерін, әсіресе қаржыға байланысты мүдделерін «аттап өту», «жазасын қалмайды». Бұл мәселеде көптеген қиындықтар бар. Ең бастысы, менде бұл мәселенің дұрыстығына деген сенім мен оң нәтиже береді деген үміт бар. Басқа істер сияқты бастамаларда да мен үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғылыми дәлелденген саяси бағыты негізгі бағдар бола бермек. Осы бағытты ұстану қиындықтықтарды еңсеріп, тек білім саласының игілігі үшін қажымай, талмай еңбек етуге күш береді.    

 

ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың республикалық «Казахстанская правда» газетіне берген сұқбаты, 2013 жылғы 2 сәуір,

№ 113-114 (27387-27388)