Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Сандыбаева Аружан 7 жасынан бастап қаламыздағы № 4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде В. Ю Коваленко, М. Г. Воробьева, Ж. Б. Пелипенко сынды жаттықтырушыларда спорттық шеберлігін шыңдап жүр. Ұзақ жылғы жаттығу, төгілген тер өз жемісін беріп, 2019 жылы желтоқсанда Аружанға спорттағы жоғары жетістіктері үшін «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы берілді.
Аружан түрлі деңгейлердегі жарыстарға қатысып, Қазақстан мен Ресейдің көптеген қалаларында болды және үнемі медальдармен оралып жүр. Оның спорттық қоржынында облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардан алған 10 алтын, 7 күміс, 7 қола медальдары бар. 2019 жылы «Еңбек сіңірген спорт шебері Ю. Зикуновтың жүлдесі үшін» Омбы қаласында өткен халықаралық турнирде ол кіретін акробатикалық топқа тең келер ешкім болған жоқ. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған облыстық жарыстарда да топ жақсы өнер көрсетті.
Акробатика Аружанның өмірінің бір бөлігіне айналды. Жаттығу үшін көп уақыт пен күш-жігер қажет, соған қарамастан ол жақсы оқиды, мектептің қоғамдық өмірінде де белсенділік танытады, бастамашылық таныта алады, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.