«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Павлодар қаласының № 13, 15, 33, 37, 42 жалпы білім беретін мектептерінің 60-қа жуық оқушылары М. Катаев атындағы оқушылар сарайында «Ұлттық қолөнер - тәрбие көзі» атты сәндік-қолданбалы өнер бойынша мастер-класстарға қатысты. Сабақты мектептердің технология пәні мұғалімдері, оқушылар сарайының шашбау, сырмақ, тұмар, жіппен ою-өрнек жасау технологиясы бойынша педагогтар өткізді. Мақсаты - ұлттық өнер түрлеріне дүниетанымды қалыптастыру, адамгершілік-эстетикалық талғамдарды дарыту, қолөнер дағдыларын меңгеру.
№ 1 ЖОМ технология пәнінің мұғалімі Махмет Қайнарбек мастер-классында қатысушыларға тоқу және олардың технологиясы туралы айтты. Оқушылар сарайының педагогы Лаура Сыздықованың «Шаш сәніне - шашбау» сабағында оқушылар шашбаудың тарихын білді, әдемі шашбау жасады, шашпауды шашқа тақты. «Сырмақ» сәндік-қолданбалы өнер студиясының жетекшісі Дәурбек Жақсылыққызы «Ою-өрнекті жіппен сурет салу» сабағында оқушылар қошқар мүйіз ою-өрнегін жіппен суреттеп салды. Елена Каркавинаның «Ұлттық бұйым - ұлт мұрасы» мастер-классында оқушылар фетр матасына ою-өрнек салып, қыздарға арналған әдемі сәндік бұйымдар жасады. Оксана Тоқсанованың «Сыр сақтан - тұмар» сабағында оқушылар тұмар туралы көп мәлімет алды, өз қолдарымен фетр матасынан жасап, оны моншақтармен безендірді. Сабақ соңында оқушылар өз бұйымдарын сыйға алды.