ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ ВЕБ-САЙТТАРЫ
kense.oo.ap@pavlodar.gov.kz
140 000 Павлодар қ., Кривенко көшесі, 25
32-21-67
сенім телефоны/Call-орталық
8 7182 32 19 37

Сайт отдела образования города Павлодара
Сайттың аналитикасы
Бір жылда
Бір айда
Бір аптада
Кеше
«ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ № 21 ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРУ МЕКТЕБІ» ММ ГУ «СРЕДНЯЯ ОБЩЕОБРАЗОВАТЕЛЬНАЯ ШКОЛА №21 Г. ПАВЛОДАРА»
29-05-2020 16:29
«ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ № 21 ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРУ МЕКТЕБІ» ММ ГУ «СРЕДНЯЯ ОБЩЕОБРАЗОВАТЕЛЬНАЯ ШКОЛА №21 Г. ПАВЛОДАРА»

Мусалимова Сандугаш Рахимовна,

 қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Сын тұрғысынан ойлау технологиясы арқылы айтылым дағдыларын қалыптастыру мен дамыту

    Біз бүгінгі жалпы орта білім беру ұйымдарында өзекті мәселе болып табылатын айтылым дағдысына ерекше назар аударғымыз келеді. Себебі біз «киіміне қарап қарсы алып, сөзіне қарап шығарып салатын» халықтың ұрпағымыз. «Сөз қадірі –өз қадірің» дейді тағы бір халық даналығы. Сондықтан да бүгінгі оқушылардың сөйлеу тілін дамыту, ойларын еркін әрі әсерлі, нақты жеткізуге дағдыландыру орта білім беру жүйесіндегі түйткілді мәселелердің бірі деп айтуға толық негіз бар. Айтылым туралы мәселелерді біз 2 түрлі аспектіде қарастырамыз:

1.Қазақ мектептеріндегі оқушылардың  айтылым дағдыларын дамыту мәселелері.

2.Орыс тілді мектептердегі оқушылардың қазақ тілінде айтылым мәселелерін жақсартудың тиімді тәсілдері мен жолдары.

    Отандық ғалым Ф.Оразбаева: «Айтылым – адамдар арасындағы тілдік қатынасты жүзеге асыратын сөйлесім әрекетінің бір түрі. Ол – тілдік қарым-қатынас барысында адамның өз ойын жарыққа шығару процесі, өз сөзін екінші біреуге ұғынықты етіп жеткізуі» деп анықтама берсе, Ресей ғалымы В.М.Филатов айтылым мен тілдесімді бір категория ретінде қарастыра отырып, оларға тән бірнеше белгілерді көрсетеді:

· Айтылым уәжге негізделген. Оның ішінде коммуникативтік уәжге ерекше басымдық беріледі.

·  Айтылымның мақсаты айқын, ол қандай да бір мақсатқа жетуді көздейді.

·  Айтылым белсенді әрекетке негізделеді. Онда әрекет иесінің қоршаған ортаға деген қарым-қатынасы көрінеді. Сөйлеушінің сөйлеу әрекетіндегі бастамашылдығы мен белсенділігі қарым-қатынастың мақсатына жетуін қамтамасыз етеді. 

·  Айтылым адамның барлық әрекетінің түрлеріне ортақ қызмет түрі болып табылады. Тілдік әрекет үдерісі ойлау әрекетімен тығыз байланысты. Кез келген коммуникативтік міндеттер тілдік ойлау әрекетінің нәтижесі болып табылады.

·   Айтылым ол тұлғамен тығыз байланысты. Себебі тұлғаның өмірлік көзқарасын көрсетіп береді.

· Айтылым әрекет ретінде алгоритмдене алмайды, себебі сөйлеудің бағдарламасын оның авторы өзі жасағандықтан, ол эвристикалық және даралық деңгейде болып табылады.

·  Айтылым белгілі бір қарқынмен сипатталады, кейде ол белгіленген нормадан жоғары немесе төмен болып кетуі мүмкін.

    Мұғалім тарапынан болатын бұл іс-әрекеттер айтылым дағдыларын жақсартып, оқушылардың білімдерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде оқушы келесі білім, дағдыларды меңгереді:

- сөздік қорының алуандығы: сөздік жұмыстар, сөздік қорапшалар, сөздердің синоним, антонимдерін таптыру, жаңа сөздерді мәнмәтінге қарап ажырату;

- сөз мәнері мен сөйлеу этикеті: оқушылардың сөйлеу мәдениетін сақтауы, коммуникативтік жағдаятқа сәйкес сөздерді қолдануы, тақырыпқа сәйкес түрлі тәжірибелік тапсырмаларды орындауы, диалог құрастыра алуы, қатысуы;

- орфоэпиялық нормаларды сақтау: сөздерді дұрыс айту, дұрыс тіркестіріп қолдану;

- мәтіннің негізгі аспектілерін анықтау және талқылау: негізгі акцент түсіретін ойлар мен пайымдарды талқылау, өз пікірлерін айтқызу, қорғату, талқылату;

-сенімді және еркін жауап беру: оқушылардың ресурстарды дұрыс әрі тиімді қолданғанына көз жеткізу, сұрақтар қою арқылы нақты мәселені түсінгенін ұғыну;

- визуалды материалдар арқылы тілді дамыту: графитік мәтінді суреттеуге не талдауға қажетті сөздерді (сөйлемдер, модельдер) үйрету, тәжірибелік жаттығудың көмегімен үйретілген сөздерді белсенді қолдандыру, сұрақ қою арқылы графиктік мәтін бойынша не түсінгенін тексеру.

     Ал енді  қазақ мектептерінде айтылым жеке қарастырылмай, тыңдалыммен қатар жүреді. Себебі ана тілін оқытуда бұл дағдыларды жеке-жеке қарастыру өзектілігі болмайды. Қазақ мектебінің оқушысы кез келген тыңдалған мәтіннің мазмұнын бір тыңдағаннан-ақ түсінеді. Оларда бұл екі үдерісті тұтастықта қарау нәтижелі болады. Мәселен, болжау жасау дағдыларын дамытуда оқушыларға «Миға шабуыл», «Суреттер сөйлейді», «Стоп-кадр», «Конверттегі сұрақ» сияқты тәсілдерді қолдану оқу мақсатына тиімді қол жеткізуге мүмкіндік береді. Аталған тәсілдер тірек сөздер мен ұсынылған иллюстрациялар немесе мәтін үзінділерін тыңдай отырып, оқиғаның дамуы мен аяқталуын болжау үшін өз ойларын айтуға ықпал етеді.  «Суреттер сөйлейді» тәсілі оқушылардың тақырып бойынша өз ойларын білдіріп, идеяларды ортаға салуына, ал «Стоп-кадр» оқушыларды сюжет бойынша ойларын дамытуға, өз болжамдарын жасауға, дәлелді пікірлер айтуға, салыстыруға, детальдап қарастыруға, сонымен қатар ары қарай болатын сюжетті көруге деген ынтасын оятуға түрткі болады. «Конверттегі сұрақ» әдісі сабақты жоспарлау кезінде мұғалімнің жеткілікті деңгейдегі дайындығын қарастырады, бұл сұрақтарды қолдау қажет ететін оқушыларға сәйкестендіру немесе тірек сөздер арқылы да ұсынуға болады. Оқушылар осы тәсілдер негізінде аудиомәтінді мұқият тыңдауға, өз ойларын еркін жеткізуге және ары қарай оқуға түрткі алатын болады.Мұндай тәсілдер оқушылардың еркін сөйлеп, өз ойларын дәлелді жеткізуін қарастырады, сол арқылы оқу сауаттылығын арттырады, айтылым дағдыларын жетілдіреді. Оқушы  сыни тұрғыда ойлана отырып, өз пікірлерін таразылап, нақты ұсыныстар негізінде білдіруге машықтанады. Айтылымның жоғары деңгейі – сыни тұрғыда пікірін білдіру болып табылады. Айтылым дағдыларын дамыту білім алушыларға келесі мүмкіндіктерді дамытуға қолдау көрсетеді:

- сөздік қоры мен тілдік сауаттылығын дамытады;

- тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметін түсінеді;

- ойлау және танымдық қабілеттерін дамытады;

коммуникативтік дағдыларын жағдаятқа сай дұрыс қолдана біледі;

- өзгелермен еркін қарым-қатынас жасауды үйренеді;

-қазақ халқы мен мемлекеттік тілге деген құрмет сезімін қалыптастырады, қызығушылығын арттырады.