Размер шрифта:
↑Наверх
Телефон доверия
8 (7182) 53-71-04
email: sosh35@goo.edu.kz
Адрес: Ш. Айманов к-сі, 37
8 (7182) 53-71-04
Back to the main page of the department of education
График приема граждан:
Сәрсенбі 14.00-ден 19.00, Жұма 14.00-ден 19.00
In a year
In a month
In a week
Yesterday
"Машһүр туралы сөз" немесе «Сапардан алған әсермен...»
20-05-2018 23:12

      Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1858—1931) қазақтан шыққан көрнекті ақын, тарихшы, этнограф, шежіреші, аудармашы, ауыз әдебиеті мұраларын жинаушы.

«Менде ақынмын. Мәшһүрде ақын.
Дегенмен, ол ақын болғанымен Құдайға жақын.
Сондықтанда Мәшһүр адамзаттың әулиесі ғой.»
Абай Құнанбаев

       2018 жылдың мамырдың 19-ыншы жұлдызында Павлодар қаласының №35 жалпы орта білім беру мектебінің директоры Мұрат Бакенұлы бастаған, сынып жетекшілері Думан Бекмұхамбетұлы мен Айнаш Амамбекқызымен бірге мектебіміздің оқушылары Баянауыл ауданында орналасқан Мәшһүр Жүсіп кесенесіне жол тарттық.
      Келісім бойынша әзірленген «Бес жұлдыз» туристік фирмасының автобусына жайғасып отырған соң жол бастаушымыз (гид) Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер мұражайының маманы Мағзия Қайырбекқызы аздаған танысудан соң экскурсиясын бастап кетті. Жол бойы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы туралы тың деректермен әңгіме өрбіткен Мағзия апай, сөз арасында жалпы облыс тарихына да тоқталып өтті. Адам Жүсіптің бала кезінен басталған әңгіме, атамыздың қалай «Мәшһүр» атанғаны, жастық шағы мен сол уақыттағы қоғамда болып жатқан өзгерістерге деген көзқарасы, шығармашылығы, ғылым мен дінді қатар алып жүруі, ел арсындағы танымалдылығы мен әулиелігі, өмірден озған соң ата аруағына жасалған қиянаттар мен бассыздықтар, ұрпақтары мен атаны ұлықтаудағы қазіргі уақытта істелініп жатқан жұмыстар жайлы кеңінен әңгімеленді. Баршамыздың жол бастаушымыздың (гид) әңгімесін ұйып тыңдағанымыз сондай, тіпті киелі Баянауылдың шоқылы, таулы даласына қалай тез жеткенімізді сезбей қалғандай болдық...
      Әсем табиғат пен таза ауаның, жол бойы тыңдаған әңгіменің әсері ме екен, алыстап мұнартқан кесене ынтызарлық оятқан болар, алыс жолдан шаршағанымыз сезілмеді. Бізді Мәшһүр Жүсіп мемориалдық мұражайынын басшысы, атаның тікелей ұрпағы, туған немересі Фазылов Қажымұқан Фазылұлы мен кесене шырақшысы Мұрат аға күтіп алды. Бірқатар дайындықтан соң кесенеге бет бұрдық.
      Ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп бабамыздың кесенесі 2006 жылы қайта жаңартылып, бой көтерген екен. Құрылысы көне түркі стилінде жасалған кесененің жобасын дайындауға С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің мамандары мұрындық болған. Кесене зиратхана және көрхана атты екі бөліктен тұрады. Көрханада әулие бабамыз жатыр, сондай-ақ сандықтасы, құлпытасы қойылып, шамшырағы орнатылған. Кесененің кіреберісінде Құраннан аяттар жазылған. Кесененің төменгі жағында одүниелік болған ата ұрпақтары мен замандастарының зираттары орналасыпты. Екі жыл бұрын Мәшһүр бабамыз жатқан кесене жанынан «Ескелді» мәдени-қонақүй кешені ашылған екен.
      Кесенеге бәріміз бірге кірдік, Қажымұқан ағамыз дұға оқып, кесене тарихынан, жер-су аттарынан сыр шертті, кесене басында сақталуы керек әдеп пен тәртіппен таныстырып өтті. Оқушылар қызықтырған сұрақтарын қойып, алған әсерлерімен бөлісті.
      Әулие бабамыздың басынан шығып төменге түстік, айта кетерлігі баспалдақтар саны жетпіс үш екен, яғни атамыздың өмір сүрген жасымен сәйкес. Жол бастаушымызға (гид) ере отырып мұражайға келдік. Мұражай «Жаңа жол» ауылынан көшіріліп әкелініпті. Мағзия апай бабамыз өзі қолданған заттары мен сол замандағы қолданыста болған мұражай экспонаттарымен баршамызды жатық та ауызекі кәсіби тілмен толықтай таныстырып шықты. Атамыз қолданған құран кітаптары, жез леген, мүстік, шақша және тағы басқа құралдар, мұражай ашылған уақыттан бері ел арасынан жиналған сол уақыттың тұрмыстық-әлеуметтік заттары бізді сол заманға алып барғандай болды. Ақынның баспадан шыққан кітаптары мен ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіпке арнап жазылған ақын-жазушылардың шығармалары жеке бір тақырыпқа сөз құрауға сұранып тұрғандай.
      Мұражай қызметкерлеріне алғысымызды айтып сыртқа шықтық. Өзімізбен бірге алып келген және қонақжай апайлар ұсынған асымызды бәріміз бірге ұйымдаса отырып дайындадық. Ұлдар жағы отын дайындап, самаурын қойса, қыздар ас пісіріп, дастархан жайды. Ас ішіп, ыдыс-аяқ жуылып, реттелген соң кесене қызметкерлерімен қоштасып, Қажымұқан ағамыздың батасын алып, ақын өмірінің соңғы жылдарын өткізген, кесенеден бір шақырымдай жердегі «Сарыбұлаққа» бет алдық. Бұл жерде ата ұрпақтары жолаушыларға арнап жеке үй тұрғызып қойған екен, бұлақтан су алып жолға шықтық...
      Артымызда көкшіл тартып «Молда атаның» (жергілікті тұрғындар, ақынның замандастары солай атаған екен) кесенесінің мұнарасы қалып бара жатты, бәрімізде қайта айналып келетінімізді іштей ұғынғандай болдық, алған әсерімізден ой түйіп, көлік ішін біраз уақытқа дейін үнсіздік жайлады...
      ...Осы сапарға баруға жағдай жасаған қалалық білім беру бөліміне, автобусты жолда алып жүрген ІІБ МАИ қызметкерлеріне, «Бес жұлдыз» туристік фирмасына және Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер мұражайының маманы, ел және Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы тарихын жетік жеткізе білуімен тәнті еткен Мағзия Қайырбекқызына ерекше алғысымызды білдіреміз.

      Сөз соңында айтарымыз: өмірден өзі озса да артына өлмес мұра қалдырған Мәшһүр Жүсіп бабамыздың мұраларының бізге, келер ұрпаққа берері мол екеніне ешкімнің де күмәні жоқ. Ендеше, сол мол мұраны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі буын үлгі аларлық кәдеге жарату біздің парызымыз. Мәшһүр Жүсіп кесенесіне барған мектеп оқушыларына алға қойған мақсаттарына жетуге тілектеспіз!

      Мәшһүрше жырласақ:

Балалар, жалқау болмай, оқы сабақ,
Ашылмас оқымасаң көз бен қабақ.
Айырылса оқу оқып, білгенінен
Біз оны деп айтамыз: «арамтамақ».

Қайрат қыл жалқаулықтың жібін үзіп,
Көрген жан түнілмесін күдер үзіп.
Бойына жалқаулықты үйір қылсаң,
Жүрерсің көрінгенге көзін сүзіп.

20.05.2018 жыл
Ибраев А.Х.