Қашықтықтан оқыту – оқытушының студентпен оқыту құралдары арқылы интерактивті қарым-қатынас әрекет үрдісін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық-педагогикалық технология (ереже бойынша компьютерлік техника). Қашықтықтан оқыту артықшылықтары төмендегідей болып табылады: кез келген жерде, кез келген мерзімде оқуға мүмкіндігі бар; кәсіби қызметпен қатар білім алуға болады; оқу үрдісінде ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың жаңа жетістіктерін пайдалана отырып, студенттер мен оқытушылар арасындағы белсенді диалог, оқу ақпаратына мүмкіндік беру; білім алушының мекен жайына, денсаулық жағдайына, элитарлық және материалдық жағдайына қарамастан тепе-тең дәрежеде білім алуға мүмкіндігі бар. Қашықтықтан оқыту технологиясын пайдалана білім беру үрдісінің негізіне арнайы жасалған оқу-әдістемелік материалдармен білім алушының мақсатты және бақыланатын өзіндік жұмыс жасауы алынған. Қашықтықтан оқытудың компонеттері мен әдістемелік тәсілдері оқытуды мүмкіндігінше ыңғайлы және тиімді етуге бағдарланған.
Желілік технология – білім алушылардың оқытушылармен және бір-бірімен интерактивті қарым-қатынас түрінде, сондай-ақ интернет жүйесін қолдану негізінде оқу үрдісін басқаруда оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету технологиясы.
Кейс технологиясы – қашықтықтан оқитын білім алушылар үшін жіберілетін мультимедиялық оқу-әдістемелік материалдар жиынтығы негізінде жинақталған технология.