Ақпараттық компьтерлік технологияларды

қазақ тілі сабағында қолдану –заман талабы.

 

    Қоғамның қазіргі даму кезеңі жедел ақпараттандырылу процесімен сипатталады. Ақпараттық компьютерлік технологиялардың білім беру жүйесіне енуі жаңа тарихи - әлеуметтік жағдайлардың талабы болып отыр. Компьютерлік технологиялардың дамуы мектеп түлегінің функционалдық сауаттылығына тағы бір көрсеткіш, компьютерлік сауаттылық көрсеткішін, енгізіп отыр. Яғни бүгінгі таңда мектеп түлегінің білім сапасын, компьютерлік сауаттылығын жоғарлату үшін тек қана информатика сабағында ғана емес, барлық пән сабақтарында, соның ішінде қазақ тілі сабағында ақпараттық технологияларды тиімді қолдану міндет болып отыр. Бірақ бұл технологияларды біз қалай қолдануымыз керек? 

      Егер біз бұл технологияларды бұрыңғы білім беру жүйесіне бұлжытпай кірістірсек, компьютер сабақта тек қана техникалық құрал ретінде қолданылып қала береді.  Компьютерді - білім беретін бағдарламалық  педагогикалық құрал ретінде қарастыру қажет. Яғни компьютерді тек қана техникалық жағынан қамтамасыз ететін құрал ретінде ғана қолданып қоймай, оқушымен сұхбаттасатын таза білім “сақтаушысы” ретінде қарастырған жөн.

     Сонда ғана  мультимедиа жүйесі:

·                    қазіргі қоғамды ақпараттандыру жағдайдағы жеке тұлғаны дамытуға арналған міндеттерге сәйкес білім мазмұнын, оқыту әдістері мен ұйымдастыру түрлерін  іріктеу әдіснамасын жетілдіруге;

·                    тілді белсенді оқытудың  әртүрлі үдемелі әдіс-тәсілдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етуге;

·                    оқушының интеллектуалдық потенциалын дамытуға, өз бетімен білім алу білікіліктерін қалыптастыруға, ақпараттық оқу, зерттеу  әрекетін ұйымдастыруға;

·                    оқушының оқуға деген қызығушылығын қазіргі кездің кешенді ұсынатын және көру, есту негізінде қабылданатын ақпаратты құбылтып өзгертетін құралдарды қолдану арқылы арттыруға мүмкіндік береді.

       Сабақта келесі бағдарламаларды  қолдануға болады:

1.     Тренажер – бағдарламалар;

2.     Бақылаушы -  бағдарламалар;

3.     Тәлімгерлік  бағдарламалар;

4.     Көрнекіліктер  бағдарламалары;

5.     Ақпараттық-анықтамалық бағдарламалар

    Тренажер – бағдарламалар оқушының білімін, білік-дағдысын  бекітуге, пысықтауға арналған.

    Бақылаушы -  бағдарламалар бақылауға қажетті тұрақтылықты, көпнұсқалықты, бағаның мұғалімнің субъективтік көзқарасынан және тағы да басқа факторлардан тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, білім беру үрдісінің сапасын жоғарлатып, оқытушының еңбек өнімділігін, нәтижелілігін жоғарлатады.

   Тәлімгерлік  бағдарламалар - оқушылардың жауабын өндейтін бағдарламалар.

    Көрнекілік -  бағдарламалары арқылы компьютерді көрнекілік құралы ретінде  қолдана отырып оқушыларды жаңа тақырыпқа керекті материалдармен   таныстыруға болады.

    Ақпараттық-анықтамалық бағдарламалар керекті ақпаратты алуға арналған. Оқушы компьютер арқылы кез келген ақпарат қорынан ақпарат жинай алады.

     Педагогикалық компьютерлік бағдарламалық құралдарды (ПКБҚ) құрастырып  қолданамын деген мұғалім келесі талаптарды ескеру керек:

1.     ПКБҚ базистік курстың бағдарламасын қамту керек;

2.     ПКБҚ жүйелі түрде де, эпизодтық түрде де қолданылу керек;

3.     ПКБҚ оқыту, бақылау, ізденіс функцияларын орындау керек;

4.     ПКБҚ мазмұнының көлемі ресми оқулықтардың көлемінен асып түсу керек;

5.     ПКБҚ  дидактикалық мазмұнын компьютерсіз оқытуда да қолдану үшін, бағдарлама басып шығаратын өніммен қамтамасыз етілуі керек.

Әрине, бұл тақырып бір мақаламен толық ашылмайды. Сондықтан, қазақ тілі сабағында ақпараттық  компьютерлік технологияларды  қолдану мәселесі аясында жұмыс істейтін қалалық шығармашылық топ құруға да болар еді.

     Игі бастамаларыңызға сәттілік тілеймін.