Республика күні қарсаңында 2022 жылғы 22 қазанда мемлекет және қоғам қайраткері, «Алаш» қозғалысының көшбасшысы, ғалым және аудармашы Әлихан Бөкейхановтың ескерткішінің салтанатты ашылуы өтті. Павлодар қаласының № 20 жаңа лицей-мектебінің аумағында тарихи тұлғаның бюсті орнатылды. Аталған лицей-мектепке 2022 жылғы 13 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Әлихан Бөкейхановтың есімі берілді.
Салтанатты ашылу рәсіміне Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Ғалымбек Жұматов, Қазақстан суретшілер одағының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Осербай Шоранов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев, зиялы қауым өкілдері және облыстың қоғам қайраткерлері қатысты.
Іс-шарада Әлихан Бөкейханов атындағы лицей-мектебінің оқушылары мен шақырылған қонақтар бюстке гүл шоқтарын қойды.