«Мемлекеттік қызмет – елдің мүддесіне адал еңбек»эссе байқауы оқушылардың адамгершілік негіздерін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымын, саяси-құқықтық білімін қалыптастыру, мемлекеттік билік институттарына сенімін нығайту, оқушылардың азаматтық бастамаларын дамыту мақсатында өткізілді.
Қалалық байқау 5-9 сыныптар арасында екі кезеңде өткізілді. Бірінші кезеңдегі мектепішілік іріктеуден кейін қалалық іріктеу кезеңі өтті.
Эссе байқауына қалалық жалпы орта білім беру мектептерінен 37 оқушы қатысты. Қалалық кезеңге өткен жұмыстарды қарастыра отырып, оларға тақырыптың өзектілігі, жаңалығы, ашылуы, жазылу стилі, бірегейлігі, өзіндік көзқарас пен пікірлердің, өзіндік тұжырымдардың берілуі, сыни талдаудың көрініс табуы, эссенің сауатты жазылуы (лексикалық, грамматикалық, стилистикалық, орфографиялық, пунктуациялық нормалардың сақталуы) бойынша баға берілді.
Қазылар мүшесі осы бағалау талаптарын негізге ала отырып, үздік жұмыстарды анықтап алды. Жалпы, барлық қатысушылардың ынта-талаптары, ұмтылыстары мен талпыныстары, өзіндік көзқарастары мен пікірлері қазылар алқасын тәнті етті.
Нәтижесінде 15 оқушы үздіктер қатарынан көрінді. І орынды үш оқушы иеленді: №1 ЖОМ 6-сынып оқушысы Джамбул Хаким, №2 ЖОМ 8-сынып оқушысы Султанбаева Данель, Б. Момышұлы атындағы ЖОМ 8-сынып оқушысы Жамағатқызы Сұлушаш. Хаким эсседегі берілген мәселеге өзіндік көзқарастары мен ой-тұжырымдары, келешекке деген мақсаттарымен көзге түсті. Ал Данель мемлекеттік қызмет пен жемқорлық, өзіндік болашақ мамандығы туралы жіті тарқатып, өз ойларын нақты әрі дәделді түрде айтқан. 8-сынып оқушысы Сұлушаш болса, эссені ерекше түрде жазып, халқымыздың ұлы тұлғаларының сөздерімен астастыра білген.
ІІ орынға №1 ЖОМ 8-сынып оқушысы Алиева Дильназ, №33 ЖОМ 7-сынып оқушысы Құрмаш Ералхан, №34 ЖОМ 8-сынып оқушысы Дмитриева Арина, Кенжекөл орта мектебінің 8-сынып оқушысы Санатқан Аида ие болды.
ІІІ орынды №17 ЖОМ 5-сынып оқушысы Сәрсенбек Бекболат, №19 ЖОМ 9-сынып оқушысы Ғабит Алдияр, №21 ЖОМ 9-сынып оқушысы Капезова Аяулым, №29 ЖОМ 8-сынып оқушысы Власова Кира, №33 ЖОМ 8-сынып оқушысы Каиржанова Динара, №39 ЖОМ 9-сынып оқушысы Красноперова Элизавета және 5-сынып оқушысы Абен Айзере, Қ.Бекқожин атындағы ЖОМ 8-сынып оқушысы Шакарымова Адия иеленді.
«Мемлекеттік қызмет – елдің мүддесіне адал еңбек» эссе байқауы оқушылардың сыни тұрғыда ойлау, адал еңбек, мемлекеттік қызмет, ел мүддесі деген түсініктерге өзіндік сыни көзқарас қалыптастырып, өзіндік баға беруге зор мүмкіндік берді. Қазіргі оқушылар – ертеңгі ел болашағы. Сондықтан да олардың ел тыныс-тіршілігі тұрғысындағы дұрыс түсініктерінің қалыптасуы – болашақ мемлекеттің берік іргетасы.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер"Павлодар дарыны" бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығының I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталады.