
Павлодар қаласы білім бөлімінің «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығымен 3 қарашада сағат 10.00-де №7 мектепте (Жеңіс алаңы, 13) «Махамбет оқулары» республикалық оқуларының қалалық кезеңі өткізіледі.
Байқаудың мақсаты – дарынды оқушыларды дамыту және қолдау, олардың ақынның шығармашылығына деген танымдық қызығушылығын арттыру.
8-11 сынып оқушылары, байқаудың мектеп кезеңінің жеңімпаздары қатысады.
Оқулар бес номинация бойынша өтеді: «Ұлы арман» - Махамбет шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салу; «Ел құтқарар ер едім...» - Махамбет шығармаларын жатқа оқу; «Шашақты найза, шалқар күй» - Махамбет күйлерін орындау; «Тартынбай сөйлер асылмын...» - жас ақындардың өз туындыларын мәнерлеп оқу конкурсы;«Бізнеткен ер, неткен ер? Сергелденмен өткен ер» - «Хандар мен ел билеушілер», «Батырлар» тақырыбының бірін қорғау.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Павлодар қаласы білім бөлімінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталады. Қалалық оқу жеңімпаздары облыстық кезеңге қатысады.