«Наурыз» мейрамына орай өткізілген «Пай – пай қазақтың келіндері – ай» атты қалалық байқауына К.Макпалеев атындағы №4 жалпы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі – Шакенова Ризагүл Жылқыбайқызы белсене қатысты. Мұғалімге тән сипат - шығармашылық ізденіс пен оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеру.
Оқушыларға білім беруде мұғалімнің жаңашыл жолдарды меңгеруі тәжірибеде ақпаратты қолдануға мүмкіндік береді. Оқушылары қалалық сайыстардың, интелектуалдық марафондардың, ғылыми- практикалық конференциялардың жеңімпаздары. Өз сыныбымен «Ең таңдаулы сынып – 2012» атты төртінші қалалық байқауына, «Қазақстан КВН одағы» Павлодар лигасының «Жас SТАR» фестиваліне қатысып, мақтау қағазымен және дипломмен марапатталды.
Ризагүл Жылқыбайқызы– адамгершілігі жоғары, ұстамды әрі білімді ұстаз.
Атаулы конкурс 4 кезеңнен құралған:
- Таныстыру «Мен қазақтың қызымын»
- «Өнерлі өрге жүзер»
- «Салтын сүйген – халқын сүйер»
- «Зерделінің ойы озық»
Ризагүл Жылқыбайқызыбұл кезеңнен сүрінбей өтті. Таныстыру кезеңінде өзін – өзі таныстыру үшін әуенді киелі домбыраға салып көрсетті. Екінші кезеңде өзінің орындауында «Елігім» әнін шырқады. Ал, үшінші кезеңнен өту үшін өзінің әріптестері мол септігін тигізді. «Тұсау кесу» рәсімі көрсетілді. Бұл дәстүрді көрсетуге өз ниеттерімен, қатысушы үшін жаны ашыған әріптестері: Назигүл Қырықбайқызы Асылбекова – «Мұрагер» бағдарламасының жетекшісі, Бикен Жұмабайқызы Сагитова – бастауыш сынып мұғалімі, Алия Егинбайқызы Қасымжанова – тарих пәні мұғалімі, Айгүл Бауыржанқызы Бауыржанова – мектеп психологы. Бұл кісілерге мыңда бір алғыс!
Сөйтіп, ұлттық дәстүр мен мәдениетті насихаттап, келін бойындағы рухани байлықты, қоғамдағы белсенділікті дамыту, жастардың шығармашылық белсенділігін арттыру мақсатында Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай өткізілген «Пай – пай қазақтың келіндері – ай» атты қалалық байқауында «Ең тәрбиелі келін» аталымына және ақшалай сыйлыққа ие болған Шакенова Ризагүл Жылқыбайқызы марапатталды. Құттықтаймыз!