2008 жылдың отызыншы қыркүйегінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Павлодар қаласының «Достық үйі» сарайының ашылуында болып қайтты. Сонда өткізілген мультимедиялық сабақтарды көріп, неміс тілі бөлімінің мемлекеттік тілден «Біз - Қазақстанның болашағымыз» тақырыбындағы сабақты тамашалады.
Жүрегімді ұялатқан сезім
Бақыт... Бақыт дейсіздер ғой... Осы сөздің астарында қандай мағына жатыр десеңші! «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демекші, әр адам өмірінде бір арманның жетегінде жүреді, арманына жету үшін бойындағы барлық күш-қайратын жұмсайды.
Өзім қырандай биікте қалықтаған азат елдің қызымын, ұстаздық еткеніме бес жылдан асты. Менің нұрлы мақсат, биік арманым - өз халқымның көсегесін көгертіп, мерей-мәртебесін биіктететіп отырған адаммен кездесу. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға...» деп Абай атамыз айтқандай, тынымсыз еңбек жолындамын. Әрбір мемлекеттің болашағы мектебінде шыңдалады. Ертең осы елге ие болып, тізгінін ұстар азаматтар бүгінгі мектеп оқушысы болғандықтан, мектептердің жайы, даму бағыттары, келешегінің көкжиектері бүкіл қоғамның, мемлекеттің, Елбасының назарында. Сондықтан да осы ұлы мамандық жолында «мың шақырым бір қадамнан басталады» дегендей, өз мақсат-арманыма бір қадамдап жетудемін. Өзімді бақытты сезінемін, себебі арманымның бір бөлігі орындалды. Алысты болжай білетін алғыр, көреген, үлкен саясаткер Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевпен кездесу, мен үшін, - үлкен бақыт. Жасаған иемнің бұйрығы шығар, бірақ осындай кісімен кездесіп, оның жанында тұрып сабақ беремін, тіпті қолымнан ұстап ризашылығын білдіреді деп ойлаған емеспін. Түсімде болған сияқты…
Осындай толғанысты ойлар жүрегімдегі еліме деген шексіз мақтаныш сезімін туғызды және менің алдыма үлкен міндет артты. «Еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып, көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі екеніңді ұмытпа!» деп Елбасымыз айтқандай, өз елімнің мақтан тұтар азаматшасы болуыма қызмет етемін.
Дала жай, мамыржай қалыпта. Ауа тынық, үп еткен жел жоқ. Кеше ғана ақ көрпеге оранып жатқан дала, бүгін міне, жасыл кілем жамылғандай. Сай-жыралардан сылдырып аққан су сылдыры келеді құлаққа. Туған Отан болмаса, тумай-ақ қойсын күн мен түн.
№16 лицей-мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Темірбаева Динара Дүйсенбіқызы