ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ 2016 ЖЫЛҒЫ 28 НАУРЫЗДАҒЫ № 220 ЖАРЛЫҒЫ
Тәуелсіздік пен мемлекеттілікті одан әрі нығайту, Қазақстан халқын рухани-мәдени топтастыру, сабақтас және озыңқы дамуды қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: 1. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі — Мемлекеттік комиссия) құрылсын. 2. Қоса беріліп отырған: 1) «Бірлік пен Жасампаздықтың 25 жылы» Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасы; 2) Мемлекеттік комиссия туралы ереже; 3) Мемлекеттік комиссияның құрамы бекітілсін. 3. Қазақстан Республикасының Үкіметі бір ай мерзімде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін. 4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін. 5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев