Арақ-шараптан адамға келетін зиянды есептеп шығарудың өзі қиын. Араққа үйір адам отбасында бақытсыз (тек өзі ғана емес), қызметте абыройсыз, ағайынға, көрші-қолаңға беделсіз болатыны белгілі. Олар түрлі ауруларға да шалдыққыш келеді. Арақ-шарапты салынып ішкен адамның бүйрегі мен бауыры, жүрегі мен жүйке жүйесі алуан түрлі қатерлі ауруларға шалдығады. Ол инабаттылықты ұмытады, дөрекілік көрсетеді.
Өмір өлшемі — салауаттық, салауаттық — өмір заңы.
Салауатты өмір сүрмей тұрып, өміріңе қажетті нәрсені ала алмайсың. Адам баласының жарасымды тұрмыс құрып, үйлесімді дамуы үшін біздің елде барлық жағдай жасалған. Өнердің, спорттың сан-салалы түрімен айналысуға болады ғой. Олардың қайсысынан болса да жан дүниең ләззат тауып, сезіміңе әдемі түйсік алады емессің бе? Одан өмірің мәнді, мазмұнды бола түседі емес пе? Олай болса, арақсыз, есірткісіз, темекісіз әрі мазмұнды, әрі сәнді өмір сүруге болады. Алдамшы құмарлықтан бас тартып, өзін-өзі билей білу — адам бойындағы ізгі қасиет, үлкен парасаттылық.