Размер шрифта:
↑Наверх
Сенім телефоны
87713277695
email: sosh28@goo.edu.kz
Мекенжайы: С. Торайғыров көшесі, 24
53-05-12, 53-17-48, 62-73-82
Білім бөлімінің басты бетіне қайту
Азаматтарды жеке қабылдау кестесі:
Сәрсенбі 14.00 - 17.00 бейсенбі 14.00 - 17-00
In a year
In a month
In a week
Yesterday
КЕДЕЙ

КЕДЕЙ

(поэма)

Все, что существует в мире,

есть результат, известных действий,

условий и среды. Человек может творить

эти условия, что и отличает его

от животных. На этом основано все,

что изобретено человеческим умом.

Отсюда цель моего произведения

может быть, пожалуй, ясна.

1919. Султанмахмут

ҚЫЗМЕТІ ҺӘМ АЯНЫШ XAЛІ

I

Күзгі түн, шөптің басын қырау көмген,

Ызғар шашып, бұлт мынау жерге төнген.

Қарадағы, итпен бірге қой күзетіп,

Мен ояу, ел ұйқыда, оттар сөнген.

Ұзақ түн, жолдасым жоқ иттен басқа,

Бүтін киім менде жоқ жаурамасқа.

Бір бүтін, кірсіз киім кигенім жоқ,

Туғаннан, міне, шықтым талай жасқа.

Өкпемнен барады өтіп күзгі суық,

Бір жағынан қышытып, биттер буып.

Бит жеген ескі күпі жабағысы,

Жөргекке оралғанда іштен туып.

Бұл битке сонан бері денем азық,

Көбінесе сондықтан да жүрмін азып.

Туысымен көргенім бәрі бейнет,

Тумай жатып қылып ем қанша жазық?!

Жұрт айтады: "Еңбек қып, ерінбесең,

Маңдай термен ас тауып адал жесең.

Қызмет қылған байыңнан алғыс алсаң,

Ол сені алдап, арбап, кетсе де есең.

Сонда сен көгересің", — дейді халық,

Көп өмір өтпеді ме бұған нанып?

Ес біле басталғаннан бері қарай

Бір күн тыныш жаттым ба ұйқым қанып?

Адамға аса қымбат балалық шақ,

Ойға кіріп, шықпайтын сор менен бақ.

Қозы қуып, бұзауға құрық салып,

Торғай көздеп, шиді иіп, жасайтын жақ.

Топай жиып, батпақтан құдық қазып,

Балалықтың жанына ойын азық.

Сол кезде де еркімше ен далада,

Қашан мен ойнап едім бойым жазып?

"Патшағар, неге тілді алмайсың деп,

Еркелейтін сен неме қандайсың" - деп.

Бай қамшысы арқамды оспады ма?

Жылдамырақ қозыға бармайсың деп.

Қозыға жарауымнан біраз бұрын,

Ойнатып, уатпап па ем байдың ұлын?

Сүйретіп, арбасының аты болдым,

Бір аяқ ас еді ғой сондық құным.

Онан жаста шешемнен тамақ сұрап,

Қыңқылдап, иығынан түрттім жылап.

Бай асынан жасырып ас әперер,

Мен үшін зекуіне шеше шыдап.

"Жылдам іш, біреулері көреді, — деп,

Көрсе егер, маған ұрыса береді", - деп.

Жұт - жұттың сасқалақтап, астына алар,

"Аяқты бер, әнекей келеді", - деп.

"Дәмді аспен қарным тойса" — деген арман,

Мұршам аз ой ойлауға онан әрмен.

Әлі күнге өзгенің қызметімен,

Жетпедім бұл ниетке көңілге алған.

Мен сорда жастан бері дамыл бар ма?

Не еңбек сіңірмедім малы барға?

Бетті үсікпен шірітуге көнбедім бе,

Малын қорғап қалам деп аяздарда?

Боранмен жердің үсті көмілгенде.

Мұрның ғана көзіңе көрінгенде.

Жазғы бұлттың жалтылы жай астында,

Үйде отыру болды ма, жаным, менде?

Илікпей су киімдер қатқанында,

Денеме ызғары кеп батқанында.

Бел шойырылып, бүйірге шаншу тиіп,

Ұйықтатты ма аяғым жатқанымда?

Келгенде шаршап, тоңып, малын қарап,

Бай үйінен жедім бе тоя тамақ?

Өзі жеуге арланған асын беріп,

Ол жетпесе, отырар "ит, шошқалап!"

Киім берсе, береді жыртылғанын,

Кір, сасығын, жең, жаға қырқылғанын.

Не шіріктен әперер шықпайтын қып,

Жақсы еді "алмадым" деп құр тұрғаным.

Мен емес пе шалғы алып, шөбін шапқан?

Малына құдық қазған, қауға тартқан?

Балшық илеп, қорасын, үйін салып,

Ағаш түсіріп, төбесін оның жапқан?

Білекпен киіздерін баспадым ба?

"Кене жер " деп, қой қырықпай тастадым ба?

Жүк артып, көшіретін мен емес пе?

Не айтса, аяқты ұшынан баспадым ба?

Мен емес пе ас қылған, малын сауған?

Күндіз бағып, айырған түнде жаудан?

Ac пісірген, үй жылытқан мен емес пе,

Тезек теріп, отын ап анау таудан?

Құлақтан бұрап отырып асау малын,

Үйретуге қинамап па еді менің жаным?

Күн көріске қай жұмыс керек болса,

Терлемеп пе ем мен істеп соның бәрін?

Әсіресе, жаздың қысқа түндерінде,

Шаршап, тәтті ұйқыға кіргенімде,

Көзді тырнап, күн шықпай, қой өргіздім,

Ауыз кебер шілденің күндерінде.

Құрттаған, биттегеннің құртын алып,

Шірігін жумап па едім дәрі жағып.

Ішуге, кір жууға су тасыдым,

Иығыма мойынағаш, шелек салып.

Мұздан жастық, бұлыттан көрпе жамылып,

Қыс жылқы бақпап па едім қарға малынып?

Жылқымен бірге ықпап па ем үскірікте,

Үсігем, ашығам деп, тұрдым ба аңырып?

Ұзақ, түн итпен бірге қой күзетіп,

Киім жоқ, күзгі суық дірілдетіп.

Таң атқанша айғай сап, көз ілмеймін,

Бай жатыр ақ үйінде пыр-пыр етіп.