Сенім телефоны
87713277695
email: sosh28@goo.edu.kz
Мекенжайы: С. Торайғыров көшесі, 24
53-05-12, 53-17-48, 62-73-82
Білім бөлімінің басты бетіне қайту
Азаматтарды жеке қабылдау кестесі:
Сәрсенбі 14.00 - 17.00 бейсенбі 14.00 - 17-00
За год
За месяц
За неделю
Вчера
АДАСҚАН ӨМІР

АДАСҚАН ӨМІР

(поэма)

Сезімнің сыртқа шықпас түсі бар ма?

Оны жасырар адамның күші бар ма?

Біреу күй, біреу пішін, біреу сөзбен,

Көрсетпейтін жүректің іші бар ма?

I

МЕН БАЛА

Мен сәби мейрімді ана құшағында,

Ақ мамасын сүйемін, құшамын да:

Алтын ана жек көрер шамасы жоқ;

Былғанам ба, мейлі құсамын ба.

Мен ұжмақ періштесі, көңілім таза,

Қандай нәрсе білмеймін: бәле, қаза.

Еркімнің ұйғарғанын істеуіме,

Ұғынбаймын ешкімнен бар деп жаза.

Қастық деген не нәрсе: көрінген дос;

Қайғы деген не нәрсе: көңілім хош;

Алдау, күндеу, айла не, мен білмеймін,

Жүрегімде түпкір жоқ сүюден бос.

Мен білмеймін: жалыну, жағынуды,

Ресім, ұлық, құдай деп табынуды,

Өз еркімнің қылығы өзіме жөн,

Айтшы маған не нәрсе жаңылуды?

Кәпір жоқ, мұсылман жоқ, мал мен адам

Бәрі де айырмасыз бауыр маған.

Пайда зиян, ұят немен білмеймін

Менің үшін сөз һәм жоқ деген жаман.

Менде жоқ: мынау орыс, мынау қазақ,

Не мақтау, не кемсіту, қорлау, мазақ -

Бай, кедей, cay, кем-кетік бәрі бір бәс,

He нәрсе айтшы: кәрілік, ауру, азап?

Мен білмеймін: не нәрсе өлім деген,

Қорқу деген, көму деген, көрің деген.

Тамағыма пышақ таяп тұрған жан да,

Күлуден басқа жауап алмас менен.

Күн сайын жазғытұрым шыққан гүлдей,

Жақсы түрге кіремін өзім білмей.

Сондықтан көңілім шат, жүзім нұрлы,

Күліп сәуле шашамын жазғы күндей.

Жас тәнім ажарланып күннен-күнге,

Бәйшешектей құлпырар түрден - түрге.

Талпынам асыққандай жігіттікке,

Ұқсайтын жүзім гүлге, шаш сүмбілге.

Жас тән мен сезім, білім қабат өсіп,

Барамын кәмілдікке таман көшіп.

Өңім тұрсын, түсіме елестемес:

Бір күн топырақ болам деп, үнім өшіп.

Сыртым сондай, ішім бос жамандықтан,

Мен періште ұжмақтан жаңа шыққан.

Сондықтан әркімге де мен сүйкімді,

Күнәсіз екенімді бір көрсе ұққан.

Ақтайтындай дүниеге келісімді,

Асыққандай беруге жемісімді,

Күн сайын есіп барам, толып барам,

Ақтасаң, дүние, осы сен ісімді.

Мен, сыйлар деп дүние, келдім міне!

"Бір жас" деп есігіңнен ендім міне!

Мен азатпын, мен ақпын, мен өсемін,

Не қылсаң да басымды бердім міне!

Кім біледі қоярсың еркімді алып,

Кім біледі қоярсың көркімді алып,

Кім біледі бұл ерік, бұл көріктің –

Жоғалғанын білмеспін қайда қалып.

Әлде дерсің: "пәлен бар, көрмесем де,

Соған табын, солайша және нанып.

Соны қылып, сондайдан тыйылмасаң,

Миллион - миллион жыл қинар отқа жағып"

Әлде дерсің: "Ұлық бар, ел ғұрпы бар,

Жазалысың, қоймасаң оны танып".

Әлде дерсің: "Царь, құдай, алтын деген,

Соны сүй, соған табын, шұлғы барып".

Әлде дерсің: "Қап салып тілену бар,

Алтынның қызметінен қалсаң арып".

Әлде берсін: "Құтылмас кедейлік бар,

Маңдай термен болмайтын асқа жарып".

Әлде берсін: "Мейрімсіз ғашығың бар,

Түкіруге қорланар күйсең жанып".

Әлде дерсің: "Достың бар cay кезінде,

Қараңды да көрмейтін болсаң көріп".

Әлде дерсің: "Ауру бар қинайтұғын,

Тынышың кетіп, тамағың, ұйқың қалып".

Әлде дерсің: "Бәле бар кем - қор қылып,

Елден ет жиғызатын дорба салып".

Әлде дерсің: "Қайғы бар жылайтұғын,

Гүл бетіңді сарғайтып жасқа малып".

Әлде дерсің: "Кәрілік бар тәнің тозып,

Қуартар, әлсіз қылар көркіңді алып".

Әлде дерсің: "Құтқармас қараңғы көр,

Топырақ болып, ұйықтарсың сонда барып"

Миллион жыл, миллионымен өтсе - дағы,

Тұруды бір білмессің ұйқың қанып.

Сен ұмыт, сен деген бір саңырау көр,

Бар-жоғыңды артқылар қылмас парық.

КЕДЕЙ

(поэма)

Все, что существует в мире,

есть результат, известных действий,

условий и среды. Человек может творить

эти условия, что и отличает его

от животных. На этом основано все,

что изобретено человеческим умом.

Отсюда цель моего произведения

может быть, пожалуй, ясна.

1919. Султанмахмут

ҚЫЗМЕТІ ҺӘМ АЯНЫШ XAЛІ

I

Күзгі түн, шөптің басын қырау көмген,

Ызғар шашып, бұлт мынау жерге төнген.

Қарадағы, итпен бірге қой күзетіп,

Мен ояу, ел ұйқыда, оттар сөнген.

Ұзақ түн, жолдасым жоқ иттен басқа,

Бүтін киім менде жоқ жаурамасқа.

Бір бүтін, кірсіз киім кигенім жоқ,

Туғаннан, міне, шықтым талай жасқа.

Өкпемнен барады өтіп күзгі суық,

Бір жағынан қышытып, биттер буып.

Бит жеген ескі күпі жабағысы,

Жөргекке оралғанда іштен туып.

Бұл битке сонан бері денем азық,

Көбінесе сондықтан да жүрмін азып.

Туысымен көргенім бәрі бейнет,

Тумай жатып қылып ем қанша жазық?!

Жұрт айтады: "Еңбек қып, ерінбесең,

Маңдай термен ас тауып адал жесең.

Қызмет қылған байыңнан алғыс алсаң,

Ол сені алдап, арбап, кетсе де есең.

Сонда сен көгересің", — дейді халық,

Көп өмір өтпеді ме бұған нанып?

Ес біле басталғаннан бері қарай

Бір күн тыныш жаттым ба ұйқым қанып?

Адамға аса қымбат балалық шақ,

Ойға кіріп, шықпайтын сор менен бақ.

Қозы қуып, бұзауға құрық салып,

Торғай көздеп, шиді иіп, жасайтын жақ.

Топай жиып, батпақтан құдық қазып,

Балалықтың жанына ойын азық.

Сол кезде де еркімше ен далада,

Қашан мен ойнап едім бойым жазып?

"Патшағар, неге тілді алмайсың деп,

Еркелейтін сен неме қандайсың" - деп.

Бай қамшысы арқамды оспады ма?

Жылдамырақ қозыға бармайсың деп.

Қозыға жарауымнан біраз бұрын,

Ойнатып, уатпап па ем байдың ұлын?

Сүйретіп, арбасының аты болдым,

Бір аяқ ас еді ғой сондық құным.

Онан жаста шешемнен тамақ сұрап,

Қыңқылдап, иығынан түрттім жылап.

Бай асынан жасырып ас әперер,

Мен үшін зекуіне шеше шыдап.

"Жылдам іш, біреулері көреді, — деп,

Көрсе егер, маған ұрыса береді", - деп.

Жұт - жұттың сасқалақтап, астына алар,

"Аяқты бер, әнекей келеді", - деп.

"Дәмді аспен қарным тойса" — деген арман,

Мұршам аз ой ойлауға онан әрмен.

Әлі күнге өзгенің қызметімен,

Жетпедім бұл ниетке көңілге алған.

Мен сорда жастан бері дамыл бар ма?

Не еңбек сіңірмедім малы барға?

Бетті үсікпен шірітуге көнбедім бе,

Малын қорғап қалам деп аяздарда?

Боранмен жердің үсті көмілгенде.

Мұрның ғана көзіңе көрінгенде.

Жазғы бұлттың жалтылы жай астында,

Үйде отыру болды ма, жаным, менде?

Илікпей су киімдер қатқанында,

Денеме ызғары кеп батқанында.

Бел шойырылып, бүйірге шаншу тиіп,

Ұйықтатты ма аяғым жатқанымда?

Келгенде шаршап, тоңып, малын қарап,

Бай үйінен жедім бе тоя тамақ?

Өзі жеуге арланған асын беріп,

Ол жетпесе, отырар "ит, шошқалап!"

Киім берсе, береді жыртылғанын,

Кір, сасығын, жең, жаға қырқылғанын.

Не шіріктен әперер шықпайтын қып,

Жақсы еді "алмадым" деп құр тұрғаным.

Мен емес пе шалғы алып, шөбін шапқан?

Малына құдық қазған, қауға тартқан?

Балшық илеп, қорасын, үйін салып,

Ағаш түсіріп, төбесін оның жапқан?

Білекпен киіздерін баспадым ба?

"Кене жер " деп, қой қырықпай тастадым ба?

Жүк артып, көшіретін мен емес пе?

Не айтса, аяқты ұшынан баспадым ба?

Мен емес пе ас қылған, малын сауған?

Күндіз бағып, айырған түнде жаудан?

Ac пісірген, үй жылытқан мен емес пе,

Тезек теріп, отын ап анау таудан?

Құлақтан бұрап отырып асау малын,

Үйретуге қинамап па еді менің жаным?

Күн көріске қай жұмыс керек болса,

Терлемеп пе ем мен істеп соның бәрін?

Әсіресе, жаздың қысқа түндерінде,

Шаршап, тәтті ұйқыға кіргенімде,

Көзді тырнап, күн шықпай, қой өргіздім,

Ауыз кебер шілденің күндерінде.

Құрттаған, биттегеннің құртын алып,

Шірігін жумап па едім дәрі жағып.

Ішуге, кір жууға су тасыдым,

Иығыма мойынағаш, шелек салып.

Мұздан жастық, бұлыттан көрпе жамылып,

Қыс жылқы бақпап па едім қарға малынып?

Жылқымен бірге ықпап па ем үскірікте,

Үсігем, ашығам деп, тұрдым ба аңырып?

Ұзақ, түн итпен бірге қой күзетіп,

Киім жоқ, күзгі суық дірілдетіп.

Таң атқанша айғай сап, көз ілмеймін,

Бай жатыр ақ үйінде пыр-пыр етіп.

 

Шәкірт ойы

 

Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда, кім болам?
Мұздаған елдің жүрегін,
Жылытуға мен кірермін!
Еңбек, бейнет тарауы
Рақатқа сарқылар.
Қыздырып күннің қарауы
Надандық теңізі тартылар.
Орны отайып көгерер,
Қызығын жайлап ел көрер.
Тұрмыс, тағдыр - бірі де
Бұл мақсаттан бұра алмас;
Қаһарман, Рүстем, Әлі де
Бұрам деп жолда тұра алмас.
Сыланған жардың күлісі,
Алдандырмас бірісі.

Жас жүрек

 

 

Жас жүрек, қайда сенің ыстык қаның;
Тап мұндай мұздауыңның айтшы мәнін?
Тәтті үміттің қиялы сәуле беріп,
Ұйықтатпайтын толқынның жойдың бәрін.
Қызған темір жатқандай көкіректе,
Сыймайтын мезгіл қайда қанға, жаным?
Нанғыштық, құлай сенгіш, тәтті үміттен
Бұл күнде, айтшы, неге бет бұрғаның?..
Жиіркеніп, көргің келмей өзіңді-өзің,
Қамығып неге осынша құрыды әлің?

Әлде сенің кең жайлау жазың жоқ па?
Шалқар көл, қиқу салған қазың жоқ па?
Жел жетпес, қолда қыран, алтын дабыл,
Құс-аңды құтқармайтын тазың жоқ па?

Әлде алдында жүрмей ме сылаң қағып,
Даланың еркелері үкі тағып.
Табиғат өксімей ме әдемі үнмен,
Бозторғаймен қосылса әнге салып.

Сен сонда ұқпаймысың оның сөзін,
Көмір деп ойлайсың ба қара көзін?
Мағыналы сол қара көз бір жалт етсе,
Жынданбауға етерсің қалай төзім.

Жас жүрек айтты сонда: сөзіме нан,
Сол себептен ішімде жылы емес қан;
Шындық, достық таппадым, сандал қағып
Өмір бойы алдандым тапқанымнан.

Бүгінге адасудан көз ашпадым,
Не нәрсені көздесем, тап баспадым;
Дүниеден басқа рақат тілемеймін,
Кеш, арым, мен білместің адасқанын.