Сенім телефоны
8(7182)671065
email: 120sb@mail.ru
Мекенжайы: Ак.Шокин к. 40 т. 67-10-65, 67-10-45
Білім бөлімінің басты бетіне қайту
Азаматтарды жеке қабылдау кестесі:
Сейсенбі, бейсенбі - 15.00 - 17.00
Мамандар кеңесі

 

Мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту

Мектеп жасына дейінгі бала психикасының қалыптасуы мен дамуы оның есейген шағымен салыстырғанда шапшаң жүреді. Балалық шақтың осы таңғажайып мүмкіншіліктері мидың, белгілі бір жүйке құрылымдарының толысып, пісіп - жетілуіне және олардың функционалдық қасиеттеріне байланысты. Бұдан шығатыны мектепке дейінгі кезеңдегі баланың жас ерекшеліктеріне байланысты қасиеттер оның шығармашылық қабілеті дамуының негізін қалайтын жағдайларды тудырады.

      Балалардың шығармашылық қиялы мен қабілеттерін дамыту, олардың практикалық дағдыларды именденуі сәбилік кезеңнен басталады. Баланың ақыл-ой ерекшеліктері жаратылыстан шығармашылық, ізденгіштік сипаттарға ие, алайда оны дұрыс бағытта дамыту жағдайлары әрқилы, сондықтан баланың ақыл-ой қабілетін дамыту, оның нақты дара ерекшеліктерін ескеріп тәрбиелеуге байланысты балалардың толыққанды ақыл-ой тәрбиесін сенсорлық процестерді қалыптастырудан бастау қажет.

        Балалардың шығармашылық қиялы мен қабілеттерін дамыту, олардың практикалық дағдыларды именденуі сәбилік кезеңнен басталады. Тәрбиешінің бұл бағыттағы жұмысының ғылыми негізде құрылуының және талапты бірте - бірте, жүйелі күрделендіру, әр түрлі жастағы балалардың білімі мен іскерлігін саралап қарау принцирін сақтап, өнердің әр түрінің қазіргі кездегі даму деңгейін ескеретін белгілі бір бағдарлама бойынша жүргізілуінің маңызы зор.Баланың ақыл-ой ерекшеліктері жаратылыстан шығармашылық, ізденгіштік сипаттарға ие, алайда оны дұрыс бағытта дамыту жағдайлары әрқилы, сондықтан баланың ақыл-ой қабілетін дамыту, оның нақты дара ерекшеліктерін ескеріп тәрбиелеуге байланысты балалардың толыққанды ақыл-ой тәрбиесін сенсорлық процестерді қалыптастырудан бастау қажет.

Мектеп жасына дейінгі баланың шығармашылық қабілетін үш кезеңге бөлуге болады.

Бірінші кезең – материалды тез қабылдап, жылдам меңгеретін бала.

Екінші кезең – арнаулы тапсырманы мұқият орындайтын бала.

Үшінші кезең – берілген көркемдік білімді баяу қабылдайтын бала.

         Осы орайда баланың ынта-жігерін арттыру арқылы шығармашылық деңгейін дамытуға болады. Баланың қабілеттілігін дұрыс түсіну үшін баланың жас ерекшелігін психологиясын білу және ескеру қажет. Шығармашылықты тежейтін бірнеше кедергі бар: біреулер «жасай алмаймын, қолымнан келмейді» деп өздерін үрейге, қорқынышқа билетсе, екінші бала өз жұмысына өзі қанағаттанбайды; ал үшінші біреу – жасқаншақтық немесе ұяңдықтың кесірінен өз талантын танытуға енжар болады; төртіншісі – жалқаулыққа жеңдіреді. Психологиялық дайындық, яғни педагогтың психологиялық әсері шығармашылық кезеңде баланың шабытын оятып, құлшындырып еліктіріп отырады. Шығармашылық шеберлік үшін балаға педагогтың берер психологиялық әсері мынадай болмақ керек деп ойлаймын:

·         «Сенің қолыңнан бәрі келеді», «сен қабілеттісің», деген сөздермен баланың ерік-жігерін билеп, сенім білдіру;

·         Бүлдіршіндердің кішкентай жетістігі болса да, жоғары бағалап, мадақтап, көтермелеу.

·         Шығармашылық сәтте балаға құптаушылық көзқарас білдіру, сезім күйін бақылау, қамқорлық таныту;

·         Балалар үшін педагог өзін қарапайым жан есебінде таныта білу, оқиға, сюжет, образ жасауда оларға сенім білдіру;

·         Баланың қойған сұрақтарына пейілмен дұрыс жауап беру, олардың еркіндігін қамтамасыз ету сияқты әрекеттерді педагог білуі тиіс.

Қазіргі таңда шығармашылық тапсырмалар мектепалды даярлық топтарында әр сабақта ұйымдастырылады. Ал қазір дәстүрлі оқу іс-әрекеті мен шығармашылық оқу іс-әрекетінің айырмашылығын көрсете кетейін.

Мектеп жасына дейінгі өнімді шығармашылық қызметін ұйымдастыруда, бейнелеу өнерінің сабақтары барлық жас топтарында өткізіледі. Мектеп жасына дейінгі балалар бейнелеу өнерімен жалпы топтық оқу іс-әрекетінен тыс та, ойынға бөлінген уақыт мезгілінде шұғылданады. Тәрбиеші бұл ынтаны, алынған бейнелеу дағдыларын қолдануға баланың шығармашылығын қолдап отырады. Іс-әрекетің түрлеріне үңілсек сурет салу, жапсыру, мүсіндеу, құрастыру – балалардың шығармашылық белсендігін көрсету үшін үлкен мүмкіндік беретін сабақтардың бірі. Мектеп жасына дейінгі балалар бейнелеу кезеңінде заттарды салыстыра алмауы мүмкін, дегенмен нәрсеге қарап сурет салуда дәл ұқсастықпен бейнелеуге мүмкіндік бар. Сондықтан бала бақша балаларына бейнелеу өнерінен білім беруде көрнекілік құралдарды жүйелі пайдаланғаны жөн.

Сурет салуда балалардың екі типін кездестіруге болады: байқағыштар және арманшылдар. Байқағыштардың шығармашылығындағы бейнелер мен сюжеттер өмірден алынған болса, ал арманшылдардың суреттерінде қиялдан алынған кейіпкерлер көбірек кездеседі. Біреулер әр түрлі көліктерді, үйлерді, өмірдегі оқиғаларды, енді біреулері тауды, космостық бейнелер, ойдан шығарылған жануарлар бейнелерін салады. Бейнелеу өнерінде баланың шығармашылық қабілеті тек қана тәрбиешінің тікелей басшылығымен дами алады. Баланың жағымды эмоциялық жағдайы бейнелеу өнері оқу іс - әрекетінде міндетті түрде қажет. Баланың шығармашылық белсенділігін арттыруда ата-аналар мен тәрбиешінің қолдау жағдайы дұрыс болуы қажет. Бейнелеген затпен қоршаған ортаға баланың қызығушылығының артуы шығармашылық қабілетін дамуына септігін тигізеді. Бала өз жұмысын айналасындағыларға көрсетуге ұмтылады. Осыны тәрбиеші естен шығармай, дұрыс бағалауы және дұрыс бағыттауы қажет. Баланың байқау қабілеті, шыдамдылығы басым болса, оның жұмысыда соншалықты қызықты болады. Бала сурет сала отырып заттар мен құбылыстарды жай ғана бейнелемейді, суретінде өз сезімдерін білдіреді.

Баланың тілін дамытуда оның шығармашылдығы қалыптасқан белгілі тақырып бойынша әңгіме құрау, сурет бойынша әңгіме құрастыру әдістерімен қатар балалардың қиялы мен арманшылдығын дамытатын «Мен ұшқыш болсам», «Мен президент болсам», «Мен әке болсам» тақырыптарда әңгіме құрастыру тапсырмалары жиі қолданылса бала қоршаған ортада өз орнын таба білуді үйренеді. Баланың сөйлеуде тапқырлығы мен анық мәнерлеп сөйлеу қабілетін жетілдіруде жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мател айтуды басынан бастап аяғына дейін балаларға айтқызу ең кеңінен таралған әдістердің бірі. Балалардың әңгіме құрауда шығармашылдығын дамыту бағытында қуыршақ театры, саусақ және үстел үстіндегі театр құралдарының әсерін ерекше атап өту қажет.

Баланың шығармашылық іс-әрекетіне жағдай туғызу дегеніміз - баланы ойлай білуге үйрету екені сөзсіз. Мектеп жасына дейінгі баладан шығармашылық қабілетті талап етпестен бұрын, оны соған үйреткен жөн. Баланың зейінін, есін, қиялын, интелектісін дамыта отырып, ойлау қабілетін, шығармашылық іс - әрекетін жоғары деңгейде көтеруге болады. Баланың математика оқу іс-әрекетінде шығармашылық қабілетін дамыту.

Балалардың зейінін жаттықтыруға жеке дамытуға берілген тасырмалардың кейбірімен таныстыра кетейін .

Бала бейімділігі мен икемділігі сәби күннен қалыптаса бастайды. Оқу және еңбек үстінде ол әрі қарай дамып, нығаяды. Өмірді танып білу, әдетте, оқып - үйренуден бастау алады. Содан соң адам сол білімін шығармашылықпен пайдалануға, қоғамға пайда келтіруге ұмтылады. «Барлық мүмкіндіктер балалардың бойында» деп, Лев Толстой айтқандай, ашылмай бұйығып жатқан мол мүмкіндікті дер кезінде дұрыс жолға бағыттай білу керек.

«Мектепке дейінгі балалардың шығармашылық қабілетін дамыту» бағытында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде:

- Ойын - тапсырмаларын орындау барысында балалардың қиялдары дамып, шығармашылық қабілеттері белсенді түрде артады.

- Шығармашылық тапсырмаларды орындау арқылы баланың өз мүмкіндіктері дамып жетіледі.

- Оқу әрекетінде бала өзін-өзі қалыптасуына өз идеясын жүзеге асыруына бағытталған жаңа әдіс - тәсілдерді іздеп, проблеманы өзінше, жаңаша шешуге талпыныс жасайды.

- Тілдік тапсырмаларды орындау барысында сөздерді өзгерте, жаңа сөздер ойлап табуға белсенді тәжірибелер жасайды, сөйлеу іс - әрекетіне шығармашылықпен кіріседі.

- Бейнелеу іс- әрекетінде зат пен қоршаған ортаға баланың қызығушылығының артуы шығармашылық қиялының дамуына септігін тигізеді.

- Музыкалық іс - әрекетте баланың жеке басын жан – жақты дамыту эстетикалық тәрбие, дене тәрбиелерімен өзара тығыз байланысы арқасында қамтамасыз етіледі.

- Баланың бойында батылдық, еркіндік, ұшқырлық, сезімталдық сияқты қасиеттермен қатар ерекше ой қызметі, қайшылықтарды түсіну, заңдылықтарды анықтау, шығармашылыққа деген құштарлық дамиды.

Балалардың осындай шығармашылығын ұйымдастыра отырып өмір сүруге қабілетті, өзіндік дамуға даяр, өзін таныта алатын және өзі үшін де, қоғам үшін де бар мүмкіндігі пайдаланатын шығармашыл, құзіретті тұлғаны тәрбиелеуге жұмыстанудың маңызы зор болмақ.

       Қорыта айтқанда, ұзақ жылдар бойы шығармашылық барлық адамның қолынан келе бермейді деп қарастырылып келсе, қазіргі ғылым жетістіктері негізіне қабілеттің мұндай дәрежесіне белгілі бір шарттар орындалған жағдайда кез келген баланы шығармашылыққа бейімдеуге болатыны көп айтылуда. Адамның шығармашылыққа ынтасы оның өз даралығын, өз қабілеттерін іске асыруға жол ашады.


 

 

Мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дайындау

Мектепалды даярлық топ тәрбиешілері мен мамандардан кеңес

Мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке психологиялық жағынан дайындау, бұл қазіргі таңда психология - педагогика ғылымдарындағыөзекті мәселелердің бірі болып отыр.  А. В. Запорожец, мектепке баланың дайындығын былай сипаттаған «Баланың жеке

ерекшеліктерінің бір тұтас жүйе ретінде қалыптасуын көздеген. Оның мотивациялық

ерекшеліктері, таным қабілеттерінің даму деңгейі, ерік - жігер механизмінің

қалыптасу деңгейінің өзара байланысы» яғни, баланы жан - жақты психологиялық тұрғыдан дайындау болып табылады. Баланы балабақшада ғана дайындап қоймай, ата - аналарында кіріктірген жөн. Мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дайындау ауқымды мәселе. Көптеген жұмысты талап етеді. Балабақшамен мектеп арасында өзара байланысты орнату. Көптеген ата-аналар баланың мектепке бару үшін тек әріптерді танып, санай алса болғаны деп тұжырымдайды. Әрине бұлда маңызды фактор. Баланың мектепке психологиялық жағынан дайындығына назар аудармайды. Бұл кезең балалар үшін өте ауыр. Яғни балабақшадан мектепке бару. Әрине, балабақшада да өзіндік әдіс – тәсілдерін қолданады, сабақтар өтіліп, психолог - педагогта балалармен жұмыс жүргізіп

мектепке дайындайды. Алайда баланың жан - жақты дамуына мектепке бейімделуіне

ата - аналар көп әсер етеді. Соның негізінде ата - аналарға балаларының мектепке психологиялық жағынан дайындығын мөлшерлеуіне өзіндік диагностикалау тесті беріліп отыр.

Американдық психолог Джеральдин Чейпидің ұсынған тестін қолдана отырып, ата -

аналар балаларын бақылай отырып, қарапайым сұрақтардың жауабын қорытындылай

келе психологиялық даму деңгейін шамамен болжай алады.

 

Таным қабілетінің даму деңгейін бағалау

1. Бала негізгі ұғымды меңгерген бе, мысалы: оң жақ, сол жақ, үлкен, кіші

2. Аяқталмаған оқиғаның соңын болжай алады ма?

3. Үш нұсқауды есіңе сақтап, орындай алады ма, мысалы: қуыршақты алып кел

4.Әріптерді танып, атай алады ма?

 

Базалық тәжірибесін анықтау

1. Балаңыз кітапханада болды ма?

2. Хайуанаттар бағына, музейге т. с. с барған ба?

3. Сіз балаңызға үнемі ертегі немесе қызықты оқиғалар оқып бересіз бе?

 

Сөйлеу тілінің даму деңгейін бағалау

1.Өзін қоршаған ортадағы негізгі заттарды атай алады ма?

2. Үлкендердің сұрағына оңай жауап бере алады ма?

3. Заттардың не үшін керек екендігін айта алады ма?

4. Заттардың қайда тұрғанын айта ма?

5. Оқиғаларды немесе ертегі - әңгімелерді әңгімелеп айтады ма?

6. Сөздерді анық, дұрыс айтады ма?

7. Грамматикалық жағынан сөздерді дұрыс айтады ма?

8. Басқа балалармен қарым - қатынасқа оңай түсе алады ма?

 

 Эмоционалды даму деңгейін бағалау

1. Көңіл - күйі қандай болып жүреді?

2. Өзін жеке тұлға ретінде сезінеді ме?

3. Күн тәртібі өзгерген жағдайда тез бейімделеді ме?

4. Өз еркімен жұмыс жасайды ма, достарымен жарысқанды ұнатады ма?

 

 Қарым - қатынасқа түсу қабілетін бағалау

1. Басқа балалармен ойнайды ма, ойыншықтарымен бөліседі ме?

2. Кей жағдайларға байланысты кезек сақтайды ма?

3. Басқалардың сөзін бөлмей тыңдай алады ма?

 

 Физикалық даму деңгейін бағалау

1.Есту қабілеті жақсы ма?

2. Көру қабілеті жақсы ма?

3. Бірнеше уақытқа дейін тыныш отыра алады ма?

4. Жалпы қимыл – қозғалысы жақсы дамыған ба, мысалы: доп еркін ойнау,

баспалдақпен жүру т.с.с

Белсенді,шымыр, шапшаң көрінеді ме?

Мектепке алғаш бару бала өміріне үлкен жаңалық, өзгеріс енгізеді, қоғамдағы жаңа орынға бейімделуі мен өсіп-жетілуінің бір бастамасы болады. Демек, «Баланы мектепке даярлау қалай болуы керек?» деген сұрақтың ата-ана үшін маңыз артып, тиісті жауап іздейді. Бұл сұраққа көптеген ата-аналарда екі пікір қалыптасқан: бір ата-аналар алғаш мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап данышпан етуді мақсат тұтса, кейбіреулері,

керісінше, бала білмей барса, барлығын мектепте үйренуі тиіс деген пікірде. Осы пікірлердің алтын ортасын қалай таңдаймыз? Баланы мектепке физикалық жағынан да, психологиялық жағынан да қалай дайындаймыз?  Бірінші сыныпқа баратын бала жазу-сызуды біліп баруы міндетті емес, оған барлығын мектепте үйретуге міндетті. Алайда,

қазіргі заман оқу бағдаралмасының тапсырмаларын ауыртпалықсыз орындау үшін,  іс-жүзінде мектеп табалдырығын аттамас бұрын жазу мен оқуды біліп барғаны дұрыс. Балаңыз мектепке бармас бұрын оқу-жазуды білсе — жақсы! Балаға жазу-сызу барысында қарындашты немесе қаламсапты дұрыс ұстап үйретуді ұмытпаңыз. Баланың сөйлеу тілінде кемістіктің болмауы шарт, сөйлеген сөзінің мағынасы өзіне түсінікті болу керек, өзінің ойын жеткізе алуы қажет. Жазып санауымен ғана шектеліп қана қоймай, салыстыра білуді және талдауды, ойлай білуді меңгере алу тиіс. Сонымен қатар, өздігінен қорытынды жасай білсе, көп нәрсені жақсы түсінеді.  Көрнекі әрекеттік ойлау қабілеттілігі

жоғары бала көрнекі үлгімен жұмыс істегенде, заттардың кейпімен мөлшерін ұйқастырғанда қойылған міндеттерді шешуде тиімді әрекеттердің барлық түрін ұйымдастырып шығарады. Кез-келген ата-ана баланың өсіп жетілуіне, рухани күшті етіп тәрбиелеу жолында алуан түрлі қуаныш пен қиыншылықтарды бастарынан өткізе отырып, оның рухани және ақыл ойы мен дене құрылысы жағынан жан-жақты дамуына баулуы керек.

Баланың мектепке дайын болу жағдайы бірнеше түрге бөлінеді:

1. Дене бітімінің дайындығы — баланың салмағы мен бойының өз жасына сай болуымен қатар он екі мүшесі сау болуы керек;

2. Зиятының дайындығы — баланың ой-өрісінің, есте сақтау қабілетінің, тілінің, зейінінің, өз еркімен тапсырма орындай алуының, мақсат қоя білуінің, қателігін түсіне білу қабілеттілігінің өз жасына сай болуы;

3. Әлеуметтік-психологиялық дайындық — баланың жаңа ортаға деген

көз-қарасының, оқушы жауапкершілігінің, өзін-өзі ұстай білуінің, үлкен кіші

адамдармен қарым-қатынасының өз жасына, мектептердің талабына сай болуы;

4. Ерік аясының дайындығы — баланың өз іс-әрекетін мақсатты түрде

қалыптастырып, өз кемшіліктері мен жетістіктерін дұрыс қабылдап, әрекет ете

білуі;

Әлеуметтік-психологиялық дайындық

Баланы мектепке дайындау дегенде көптеген ата-аналар әріптерді танумен, сандарды

санаумен ғана шектеліп жатады. Одан басқа, баланыңмектепке қажетті құрал-саймандары мен киім-кешектеріне баса назар аударады. Әрине, бұл дайындықтарсыз баланың мектепке дайын болуы екіталай. Бірақ баланың оқуға дайындығын ақыл-ойының даярлығымен, материалдық дайындығымен шектеліп қоймай, оны оқуға психологиялық жағынан даярлауды қарастыру қажет. Баланың психикалық үрдістерінің дамуы оқуда және басқа адамдармен қарым-қатынас орнатуда қиындыққа кезікпеуіне мүмкіндік береді.

Мектепке келген бала «оқимын» деген ниетпен мектеп табалдырығын аттайды. Бірақ, кейде бала оқуға барғысы келмейді, дегенмен оның себебі әр түрлі болады: бір балалар мектепте көп бала бар және онда көңілді десе, біреуі партаға отырғысы келгендіктен баруы мүмкін. Алайда, мұндай ықыласпен келген балалар біраз уақыттан кейін мектептің олар үшін қатал тәртібіне және күнделікті оқу сабақтарына шыдай алмайды. Жалпы, бала оқу үрдісіне қызығуы қажет. Сонда ғана баланың таным қызығушылықтарының дамуына, жаңа білім алуына мүмкіндік туады. Сонымен бірге баланың мұғалімдермен, балалармен қарым-қатынас жасауы аса маңызды. Яғни, оқу әрекеті ұжымдық сипат болғандықтан, әрбір бала құрдастарымен қарым-қатынас жасай алуға, бірге жұмыс істеуге дағдылануы керек. Баланың шешім қабылдай алып, мақсат қоя

білуі ерік-жігерінің даярлығы болып саналады. Баланың әркеттерді жоспарлап,

олардың орындалуын жүзеге асыруда күш пен бойындағы қабілеттерін жұмсай білуі,

қиындықтарды жеңе білуі балалардың психикалық үрдістерінің қалыптасуына ықпалын

тигізеді. Егер балалардың оқуға дайындығы осы бағыттармен ұштасып жатса, бала

оқуға тез бейімделіп, жақсы оқып кетуіне мүмкіндік туғызады.

Мектепке дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті ойын болғандықтан, оларға бірден оқу әрекетіне ауысу біршама қиындықтар туғызады. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бала педагогтармен және балалармен кезіккенде мазаланады, оқу үрдісінен өзінде жағымсыз эмоциялық сезіну пайда болып, қорқыныш пайда болады. Сондықтан балалардың көңіл күйі  болмай, себепсізден жиі ауыруы «мектеп неврозы» сипатында

көрінеді. Яғни мектепті еске алса болғаны, жылап, уайымдайды. Сөйтіп, мектеп бала үшін стресс тудыратын факторға (стрессогендік фактор) айналып, денсаулығының нашарлануына әкеп соғады. Осы кезде әрбір ата-ана өзінің баласына мектеп туралы қажетті мағлұматтар айтып, баланың мектепке деген жағымды қатынас және сенімділік сезімін қалыптастыра отырып тәрбиелеу керек. Ең бастысы — баланы жолдастарымен қарым-қатынас жасай алуға, басқа балалардың ойымен санасуға үйрету.

Балаларды мектепке психикалық даярлау бағыттарын тәжірибеде жүзеген асыратындар — ата-аналар, мұғалімдер, балабақша психологтары. Психологтың міндеті: психодиагностиканың әдістемелерін қолдану арқылы және зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, алты жастағы баланың оқуға дайындығын анықтау.


 

Бала неге өтірік айтады?

Психологтан кеңес

         Неге бала бізге өтірік айтады? Көбіне өзін бізден қорғап қалу үшін. Бірақ бала өтірік айту арқылы белгілі бір адамнан ғана қорғанып қалмайды (ата-анасының, достарынан, т.б.), ол сол арқылы өмірдің өзінен де қорғанады. Өйткені «өтірік айту» деген тек алдау ғана емес, сонымен бірге, ойлап шығару, қиялдау деген сөз. Ең алдымен, сізге балаңыздың неліктен шындықтың орнына өтірікті таңдайтынын талдауыңыз қажет, содан соң өтірік айтуға не себеп болғанын түсінуге тырысыңыз. Төменде баланың неліктен өтірік айта бастайтындығы туралы бірнеше уәждер келтірілген;

1. Өтірік бала өмірін жеңілдететін амал болып табылады. Әсіресе, ата-анасы оған үнемі «болмайды» деп шек қойып отырса;

2. Өтірік баланың жан дүниесі туралы хабар береді: оны не мазасыздындырады, не қинайды, не нәрсе қатты үрейлендіреді, мүмкін, шешімін қажет ететін мәселелер бар шығар;

3. Стресстік жағдайлардан қашады;

4. Егер сіз балаңыз бүлдірген «түймедей нәрсені түйедей» етіп көрсетуге тырыссаңыз, балаңыз сізге келесіде тағы да өтірік айтуға мәжбүр болады;

5. Өтірік айту арқылы бала жазаланудан қашады. Ойланып көріңіз, балаға қоятын талаптарыңыз өте қатты емес пе, қойған талаптарыңыз оның қабілеті мен мүмкіндіктеріне сәйкес келе ме? Сіз үнемі оған ақыл-өсиет, уағыз айтып, намысына тимейсіз бе? Жазалау алдында баланың қорқынышы бар ма?

6. Егер ата-анасы баласына жеткілікті түрде көңіл бөлмесе, бала өтірік айта бастайды. Ата-анасының назарын қалай болса да өзіне аудару үшін ол түрлі әрекеттерге барады.

7. балалар біреуге күлкі болудан қашып, өтірік айтады (абайсызда жүгіріп келе жатып, шалшық суға құласа, т.б.);

8. Өте жақсы болып көрінуге тырысады (мақтаншақ); Өтірік-қулықтың бір әдісі. Есейген сайын бала өтірікті нәзік түрде айтуды үйреніп, әдетке айналдырып алады, алдымен байқаусызда, ал кейін саналы түрде. Сондықтан мұндай жолға түспесін десеңіз, ертеден балаңызды өз сөзі үшін жауап беретіндей етіп тәрбиелеңіз.

Баланың өтірігінің алдын алуға бола ма?

-         Отбасында өтірік айтудың қажеті жоқ жағдайларды қалыптастырыңыз.

Егер бала ата-анасына өзінің құпияларын сеніп айта алатынын білсе, оның әрекеттері талқыланып, дұрыс деп қарастырылса, ал жазалану тәрбиелеу әдісі ретінде қолданылмаса, онда өтірік айтудың себебі ешқашан туындамауы мүмкін. Өтірігінің бетін ашып, жазаламас бұрын ең алдымен балаңызды өтірік айтуға қандай себеп итермелегенін анықтап алыңыз. Бала жасаған әрекеті өзін жаман адам етіп көрсететінін сезінбеуі керек. Жаман әрекет болады, бірақ жаман адам болмайды! Ешқашан «жақсы көремін», «жақсы көрмеймін» деген сөздерді әдейі қолдануға болмайды. «Кет ары, мен сені осындай қылығың үшін жақсы көрмеймін!», әрине, келесі жолы балаңыз өзін сіздің алдыңызда жақсы көрсету үшін одан ары өтірікті әсірелеп айтатын болады. Балаңыздың өтірік айтқанын қаламайсыз ба? Онда өзіңізде өтірік айтпаңыз! әр сөзіңізге, әрекетіңізге абай болыңыз!

Егер ата-аналар балаларын адалдыққа үйретеміз десе:

-         Айтқан сөзде тұру керек. Қандай да бір жағдайда уәдеңізді орындай алмасаңыз, балаңызға не себепті орындай алмағаныңызды түсіндіріп, кешірім сұраңыз.

-         Егер балаңызға өзіңіз өтірік айтып, қойған болсаңыз, мойындап, не себепті өтірік айтқаныңызды түсіндіріңіз.

-         Бала шындығын айтқанда қолпаштап отырыңыз, әсіресе айтуына қиын болған сәттерде.

-         Балаңызға көп талап қоймаңыз және одан қабілетінен тыс көп нәрселерді күтпеңіз. Есіңізде сақтаңыз: талап көп және қатаң болған сайын, бала жазаланудан қашу үшін өтірікті қорғану әдісі ретінде көп қолданады.

-         Өтірік айтса да, балаңызды жақсы көретіңізді, оның жаман бала еместігін үнемі жиі айтып отырыңыз. өтірікті түбімен жою, құрту мүмкін емес. Тек жай ғана балаға «жақсы» деген немесе, «жаман» деген немене екенің түсіндіру қажет. Мұндай жағдайда ата-ананың өз өмірінен келтірілген мысалдары маңызды. Сондықтан біреу хабарласқанда телефоннан балаға «мамам үйде жоқ» деп айта салшы» демес бұрын, соңы қалай болатынын ойлаңыз.

-         Бұл тақырыпта балаңызбен жиі әңгімелесіңіз. Өзіңіз туралы, ата-анаңыз туралы қызықты әңгімелерді көп айтып беріңіз, арасында сұрақтар қойып отырыңыз.

 

 

Тәрбиешілерге арналған психологиялық тренинг

Мақсаты: Тәрбиешілер арасында қарым-қатынасты нығайту, жағымсыз көңіл-күйден арылу, күш-қуат жинау, өзін-өзі тану, құрметтеу, өзін еркін сезінуге көмектесу.

Жоспары:

1.     Амандасу, «Сиқырлы-Шляпа» жаттығуы.

2.     Тәрбиешілердің баяндамасы.

3.     «Алма мен құрт» жаттығуы.

4.     «Көлеңке» жаттығуы.

5.     «Үміт» жаттығуы.

Ұйымдастыру: 1. Амандасу. «Сиқырлы шляпа».

  Ортада шеңбер құру.

Мақсаты: Жаттығу тәрбиешілердің бір-біріне комплимент айтуы, сәлемдесуі.

Шарты: Әуен ойнап тұрады, қолымыздағы шляпаны бір-бірімізге беріп тұрамыз, музыка тоқтаған кезде кімнің қолында шляпа қалады, сол адам осы шеңберде тұрған келесі адамға (аты-жөнін) айтып комплимент айтуы керек. Комплимен алған адам рахметін айтып, жаттығу ары қарай жалғасады.

   Соңында, комплимент айту оңайға түсті ме, осы комплименттерді қабылдау сіздерге қалай болды, пікір айту.

 

  

3. «Алма мен құрт» жаттығуы.

Орындыққа жайғасып отырыңыздар, көздеріңізді жұмып, көз алдарыңызға бір сәтке өздеріңізді алмамын деп елестетіңіз.

Сіз алмасыз, піскен, әдемі, шырынды хош иісті алмасыз. Алма ағашында пісіп тұрсыз. Сізді көрген кезде қызыға тамсана қарайды. Кенеттен сізге қарай құрт жорғалап келеді. Сізге «Мен сени жимін» дейді.

Көздеріңізді ашып, жауаптарыңызды қағазға жазыңыз.

4. «Көлеңке» жаттығуы.

Жупқа бөлініп, кезекпен ортаға шығу. Бірінің артына тұрып, алдындағы адамның қимылын қайталай отырып не айтқысы келіп тұрғанын айтып көру.

Жаттығуды 3-4 жұппен жасауға болады.

5.  «Үміт» жаттығуы.

Мақсаты: Алдағы жылда күтілетін нәтижелерін анықтау.

Шарты: Құрметті тәрбиешілер, алдарыңыздағы түсті қағаздан қиылған аяқ кескініне өздеріңіздің алдағы жылға қойған мақсаттарыңызбен үміттеріңізді жазып суретте көрсетілген жолға, дауыстап оқып жабыстырып қойыңыздар.

Жазылған үміт, тілектеріңіз осы ақ жолмен орындалуына тілектеспін!

Біз, барлығымыз бүгін жақсы көңіл күймен жаттығуларды орындадық. Тренингтің айақталу сәтінде, сіздерден сол қолдарыңызда күлімсіреу оң қолыңызда бақыт деп елестетіп, ал олар бізден кетіп қалмас үшін оларды қатты-қатты қысуымыз керек.

Назарларыңызға рахмет!

 

                                  

Дыбыстарды түзетуде ата-ананың рөлі


Ата – аналардан өз балалары туралы жиі естілетін әңгіме. Ал «аузына су толтырып алу» қайдан шығады? Бала тілінің уақтылы даму қалай көмектесе аламыз? Неге көңіл аударған жөн?

- Қарай көр, көршінің қызы Аружан ап-анық сөйлеп, тура сайрап тұр өзі, тіпті тоқтата да алмайсың! Ал біздікі ше, екеуі жасты болса да, аузына су жұтқандай түк айтпайды!                                                                             

«Ауызға су толтыру» артикуляциялық аппараттың құрылымының бұзылу нәтижесінен   болуы мүмкін: тістің дамуының ауытқуы, үстіңгі жақ тістерінің астыңғы жақ тісерімен сәйкес орналаспауынан және т.б. Бұндай жайтты болдырмау үшін ауыз қуысы жүйесінің дұрыс дамуына мән беріп, тіс дәрігері кеңесіне уақытылы жүгініп отырған жөн. Сондай – ақ дыбыстарды дұрыс айтпау, артикуляциялық аппараттың бұлшық ет тонусының дұрыс дамымауы салдарынан болуы мүмкін. Бұл кезде логопедтің және психоневрологтың кеңесіне жүгінген абзал.

    Бала тілі еліктеу арқылы қалыптасады. Сондықтан ересектер өз сөйлеу мәнеріне көңіл бөлгені өте маңызды, сөйлегенде асықпай, дыбыстар мен сөздерді анық және дұрыс айтқан жөн.

  Ата – аналар көңіл бөлетін тағы бір мәселе, баламен сөйлескенде сөздерді бұрмалап, күнделікті қолданатын сөздер орнына түрлі дыбыс жиынтықтарын қолдануға болмайды. («бибика», «ляля», «ням-ням» т.б.) Бұл жайт бала тілінің уақтылы, сөздіктің дамуына кедергі жасайды.

   Балаға үйде кітап, ертегі (әңгіме) оқығанда, суреттер қарағанда, мәтін мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беруін, ертегі (әңгіме) мазмұнын айтып беруін, суретте не бейнеленгенін баяндап беруін талап етіңіз. Егер бала қателесір жатса, оны түзетуге асықпаңыз, бала ойын әбден тыңдап алған соң, қате жерлерін түзетуге болады.

  Жанұяда бала үлкендермен әңгімелескенде тек жаңа нәрселерді біліп қана қаймай, өз сөздік қорын байытып,  сөйлемдерді дұрыс құрастырып, өз ойын ашық айта алатын жағдай туғызу керек.                                  

Құрметті Ата-аналар!

Үй тапсырмасын орындауда бірқатар шарттарды орындау керек:

        Сіздің балаңыз сау, тамағы тоқ тыныш күйде болған да ғана үй тапсырмасын орындауға кірісу керек.

        Дыбыстарды дұрыс анық  айту және түсінікті сөйлеудің бала үшін қандай жағымды жақтары бар екенін балаға түсіндіру.

        Үй тапсырмалары логопедтің нұсқаулығы бойынша  жүйелі түрде орындалу тиіст

        Балада тапсырманы орындау үшін міндетті түрде кішігірім айнамен  (тапсырманы  орындау кезінде балада өзін-өзі бақылауға арналған) артикуляциялық жаттығуларды  орындау үшін қажет қағаз сүлгімен, түрлі-түсті қарандаштармен жабдықталған  орын болу керек.

        Тапсырманы  баланың өзі орындау тиіс, ал ата-ана тек орындалу дұрыстығын  бақылайды және керек кезінде түзетеді.

        Егер бала тапсырманы орындау кезінде шаршап қалса, оған міндетті түрде дем алуға мүмкіндік беру керек. Егер балаңыздың дәл осы уақытта  тапсырманы орындауға құлшынысы болмаса,  онда оны басқа уақытқа алмастыру керек, бірақ міндетті түрде сол күні орындалу қажет.

        Егер бала тапсырманы орындай алмаса, ешқашан ұрыспаңыз, керісінше мақтап өз күшіне сенімділігін және бұрын алған дағдыларды  жоғалтпау мүмкіндігін иелену үшін  алдыңғы тапсырмаларды  орындауға кірісіңіз.

        Баланы жиі мақтап отырыңыз, оның өз күшіне сенімділігін қалыптастырыңыз, жетістікке жету жағдайын ұйымдастырыңыз.

Ата-аналарға психолог кеңесі

 

Баланы қалай тәрбиелеу керек?

 

     Қазақы танымда –«Ел болам десең, бесігіңді түзе»- деген, ерте кезде балалар оқыса да оқымасада дінді,салт-дәстүрді білуге, орындауға тиісті болған.Ғасырлар бойы қалыптасқан,халық  дәстүрлері мен салттары арқылы отбасы тәрбиесін қатаң реттеліп отырған. Атап айтсақ, «Қызға қырық үйден тиым» салып оған қандай киім лайықты,шашты өріп оны шашбаумен сәндеу не орамалдың,не кемешектің астына жасырып қою сияқты жайларды жіктеген.Ал ұл балалар тәрбиесінде еңбекке көп мән  беріп, ол туралы да өзіндік  ойларды қалдырған. «Адамзаттың қамы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлы боласың» деп отбасында баланы жастайынан еңбекке баулудың маңыздылығын  жоғары қоя білген. Бала- біздің айнамыз. Олар ең алдымен ата-анасынан үлгі алатынын және көп жағдайда біз өмірде қандай  қадамдар жасасақ, олар да сондай қадамға баратыны есте болу керек. Балаңызбен әңгімелесу нәтижелі болуы үшін, ең алдымен ашық жарқын сенімге құрылған риясыз әдісті таңдаңыз. Сіздің сөздеріңіз қатал естілуі мүмкін, бірақ ешқашан да ауыр әрі өрескел болмауы керек. Ақырын әрі сенімді айтылған әңгіме ғана ата-ананың талаптары мен ойларын балаға жеткізе алады.Балаңыз үшін керек уақытта қажетті ақыл қосатын, оның қадамдарын айыптамайтын ең жақын досына айналыңыз.Өзін және оны қоршаған адаамдарды жақсы көруге үйретіңіз. Бұл оны өзіне өте сенімді адам ретінде қалыптастырып, қоршаған ортамен байланысын жолға қоюға көмек береді.Бір мезетте қатал да мейірімді бола біліңіз.Егер сіз балаңызға деген ыстық ықыласыңызды үнемі білдіре отырып, тек керек уақытында ғана ұрсатын болсаңыз, онда бұл сіздің берген  тәрбиеңізден міндетті түрде жемісін береді.

Оған өмірдегі өз ұстанымына тұрақты болуды үйретіңіз.

Баланы әр кезде оның көзіне қарап тұрып, мұқият тыңдаңыз, өйткені тек сол сәтте ғана оның ішкі жан дүниесімен алаңдатқан мәселеге сіздің бей- жай қарамайтынына сенімі болады.

Өзіңіздің бос уақытыңызда үнемі балаңызбен өткізуге тырысыңыз. Ондай сәттер бала өзінің  орнын біліп өсуге мүмкіндік береді.

     Көңіл күйіңіз болмай тұрған кезде ешқашанда бала тәрбиесімен айналыспаңыз.Өз балаңызбен тығыз қарым-қатынас орнатуға тек қана сіздің көтеріңкі көңіл күйіңіз, оң көзқарасыңыз ғана әсер етеді.

Тәрбие сатылы деңгейде жүргізілгені дұрыс. Әр биікке  өз уақытында, біртіндеп көтеріліп отырған дұрыс.

Нарықтық заманының талабына ілісеміз деп қазіргі ата-аналар халқымыздың «Балаңды бес жасқа дейін патшадай сыйла, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, одан соң өзіңе ақылшы дос сана» деген өмірлік қағида ұмытылуда.

Қазақтың атақты ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде:

«Отбасы- шағын мемлекет, мен -президент, сен- премьер» дегені бар.Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет, сондықтан да мемлекетіміздің болашағы үшін ұрпақ тәрбиесін, соның ішіндегі ең негізгісі болған баланың өмірден өз орнын таба алатын азамат ретінде тәрбиелеу жағын ақсатпайық.

Психологтан кеңес:

1.Баланы сауатты да ақиқат сұрақ қоюға үйретіңіз. Сұрақ қоя білуде өнер- баланың ойлау қабілетінің белсенділігін көрсетеді.

2.Балаңыз сұрақ қойғанда жауап беруге асықпаңыз,сұрақты жауапсызда қалдырмағыз. Шама келгенше,баланың сұрақ жауабын өзі іздеп табуға мүмкіндік жасаңыз

3.Балаңыздың жетістігіне,табысына қуана біліңіз.

4.Балаңыз қандайда болмасын бір істі орындай алмаса,ұрсып,жекірудің,кекетіп -мұқатудың пайдасы шамалы,бұл баланы жасқаншақ етіп қана қоймай,өз-өзіне деген сенімін жояды.

Ата-аналарға этика бойынша кеңестер

 

«Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді», — дейді. Әрбір адамның жақсы адам болып шығуының жолы- әдептілік, инабаттылық үрдістерін бойына дарыту, үйрену болып табылады. Әдептілік нәсіл қуатын нәрсе емес. Халқымыз:

Баулытынды батыр болады.

Үйретінді шешен болады,

Көре-көре шешен болады – дейді. Яғни, адам өзінен-өзі жақсы адам болып шыға келмейді. Әдептілік өскен ұясынан, жүрген ортасынан, достарынан, ұстаздарынан алған тәрбиесінен болады.

Қазақ халқы ерте кезден – ақ әдептілікті жоғары бағалай білген. Отбасында балаларды кішіпейілділікке, ізеттілікке, имандылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеуді мақсат етіп қойған. Халқымыз өз ұрпағын

Әдептілік, ар – ұят

Адамдықтың белгісі

Тұрпайы мінез тағы жат –

Надандықтың белгісі,

әдепті бала арлы бала – деп тәрбиелеген.

Әдепсіз бала сорлы бала деп әр жастың әдепті, сыпайы, инабатты болуын қадағалаған. Әдептілік – адамдардың өзара жақсы қарым – қатынасының , жүріс – тұрысының ережесі, осы әдептілік ережесін сақтау керек.

Уәде беріп, оны орындамаса, кісіге дөрекі жауап берсе, үлкенді сыйламаса, ондайды жұрт әдепсіз екен дейді. Онымен басқа адамдар қарым – қатынас жасаудан қашады. Оны сыйламайды. Кейбір балалар әдептілік ережесін байқамай немесе білмей бұзады.

С. И. Ожеговтың түсіндірме сөздігінде тәрбиелі адам  бұл өзін ұстай алатын адам деп айтылған.   Адамның тәрбиелілігі, оның жақсы мәнері, басқа адамдарға және өзіне деген құрметі балалық шақтан басталады. Бала өте еліктегіш болып келеді және отбасындағы мінез-құлық үлгілерін өзіне  меңгереді.

Егер күн сайын бала дөрекілік, алдау мен немқұрайлылықты байқаса, ата-аналар өз жұмыстарымен, ақша табумен айналысса, отбасындағы бала өмірдің жарқын түстерін көрмесе, онда педагогке балаға әлемнің сұлулығын мен айналасындағы адамдардың мейірімділігін көрсету қиынға соғады.

Отбасы балаға тек адамның өмір сүру заңдылықтарын ғана емес, сонымен қатар бірге тұру заңдылықтарына да үйретуі керек.

Бала қоғамдық орындарда өзін қалай ұстау керектігін, бейтаныс адаммен сөйлесуді, көлікте өзін қалай ұстау керектігін және т. б. білуі тиіс.

Этикет - бұл қоғамда қабылданған үйде, жұмыста, көлікте адамдарға әдептілік пен мінез-құлық ережелерінің бір түрі. Ал этикет ережелері адамның ішкі этикасы мен сұлулығын көрсетуге арналған.

 

Отбасында балаларға үйрететін этика бойынша ұсыныстар

 

1. Өзгеге жасаған ізетің - өзіңе жасаған құрметің (халық даналығы)- Халқымызда «Үлкенге - құрмет, кішіге – ізет» деген мақал бар. Құрмет - үлкен адамдарға көрсетілетін сыйластықты қарым-қатынас. Ізет - үлкендердің кішілерге көрсететін сыйластықты қарым-қатынасы. Өзің сыйласаң, сен де сыйлайды. Сондықтан да балаларға жастайыңнан үлкенді құрметтеуді, үлкен болғанда кішіге ізет жасауды білсе өмір бойы сыйлы болып өтетінін түсіндіру қажет. Балаңызға үлкен кісілермен амандасуды, олармен сөйлеу қарым-қатынасын түсіндіруге тырысыңыз.

2. «Біз басқаларға қолайсыздық туғызбайтындай әрекет етуіміз керек және айнадағылардың өзіңізге қандай қатынасты каласаңыз, сондай қатынаспен де басқғаларға қарауымыз керек» - бұл барлығына таныс сөйлем. Ересектер мен балалар тек бейтаныс адамдармен ғана емес, сонымен бірге отбасы мүшелерімен де қарым-қатынас жасауы керек.

3. Отбасылық қатынастарды көпшілік алдында, әсіресе балалардың қатысуымен және жоғары үнмен түсіндіруге тырысудың қажеті жоқ. Осы жағдайда ең жақсысы қарым-қатынастарды анықтағанға дейін жеткізбеңіз.

 

4. Балаларды үстел басында өзін ұстауға үйретіңіз. Отбасы ортасындағы бірлескен кешкі ас немесе жексенбілік түскі ас - осындай дағдыларды үйретудің тамаша себебі. Ас құралдарын пайдалануға, тамаққа толы ауызбен сөйлеспеуге үйретіңіз. Үстел басында тәртіп ережелерінің тұтас жиынтығы бар – олармен танысыңыз, осы тақырыпқа арналған әдебиеттер жеткілікті.

Балалардың үстел басында өздерін дұрыс ұстай білуі - үлкен жетістік. Ата-аналар кез келген жерде және кез келген жағдайда олар үшін ұялмайтынына сенімді болады. Оның үстіне, үлкен қалаларда кафедегі отбасылық түскі ас немесе балалармен бірге серуендеу әдетке айналып жатыр.

5. Еңбек сүйгіштікке, еңбекті қажетсінуге баулу, баланың күнделікті өмірін мәнді ұйымдастыру, тұрмыстағы, үй  шаруашылығындағы еңбекке құлшынысын арттыру өзіне-өзі қызмет ету дағдыларына үйретіңіз. Өзгелердің де еңбегін құрметтеуге үйретіңіз.

 

6. Бала тыңдай және ести білуі керек. Бұл қиын көрінеді ме? Кейбір балалардың өздерін қалай ұстайтынын бақылаңыз: ересектермен сөйлескен кезде, өзіне назар аударуды қажет етеді. Бұл, ең алдымен, сәбилерге қатысты. Егер олар эмоцияға толы болса, олар өздерін әлемнің орталығы деп санай отырып, тек қана өздерін естиді және қабылдайды.

 

7. Балаларды бөтен адамдардың жанында сынға алмаңыз.

 

8. Бала – біздің айнамыз. Олар ең алдымен ата-анасынан үлгі алатынын және көп жағдайда біз өмірде қандай қадамдар жасасақ, олар да сондай қадамға баратыны есіңізде сақтаңыз.

 

9. Өзін және оны қоршаған адамдарды жақсы көруге үйретіңіз. Бұл оны өзіне өте сенімді адам ретінде қалыптастырып, қоршаған ортамен байланысын жолға қоюға көмек береді.

 

10. Егер сізді оның мінез-құлығы ренжітсе, бұл жайлы өзіне айтыңыз. Бұндай кезде оның тәртібін талқылымаңыз, тек өзіңіздің көңіл-күйіңіз туралы айтыңыз.

 

Әрбір ата-ана өз баласын бақытты, өзіне сенімді, өмірлік мәселелерді табысты шешетін адам етіп тәрбиелегісі келеді. Міне, сондықтан ересектер балаларына шыдамдылықпен және мейірімділікпен мәдени мінез-құлық ережелерін, қарым-қатынас ережелерін үйрету керек, ережелерді сақтаудың қажеттілігін түсіндіру, өзінің жақсы іс-әрекетіне қуануға және өзінің дұрыс емес, қате әрекеттерін сынауға үйрету керек.

СІЗДІ БАЛАҢЫЗДЫҢ ТІЛ КЕМІСТІГІ АЛАҢДАТА МА?                 

                    (Ата-аналарға арналған логопедиялық кеңес)

«Тіл ақылдың-өлшемі» -

дей келе қазақ халқы тіл шешендігін қатты құрметтеген. Адамның дұрыс сөйле алуы, ойын нақты жеткізуі бұл оның ақылдылығының белгісі. Әрбір ата-ана өз баласын ақылды болып өскенін қалайды. Оның дұрыс оқуы сөйлеуінен басталады. Сондықтан балалардың сөйлеу тіліндегі проблемаларды шешуді тырысқысы келеді. Бұл оған көмек көрсететін – логопед.

        Тіл қарым-қатынас құралы. Тіл арқылы адамдар өзара пікір алысады, бірін-бірі түснеді.  Тіл адам психикасының ерекшеліктерін сөз арқылы бейнелеп, өзінің еркі мен сезім күйін, мақсат-мүддесін білдіреді. Бала 4-5 жастан ана тіліндегі барлық дыбыстарды дұрыс айта білуі керек. Мектеп жасына дейінгі балалардың арасында кейбір дыбыстарды бұзып, орнын алмастырып, шатастырып айтуы жиі кездеседі. «Есейген соң өзі түзеліп кетеді»,-деп көбінесе ата-аналар ондай ақауға көңіл бөле бермейді. Дыбыстың айтылуындағы кемістіктер баланың оқу, жазу дағдыларының, мінез-құлқының қалыптасуына, сабақ үлгеріміне кері әсерін тигізеді. Логопед-жалпы тіл мүкісі бар балалармен жұмыс жасайды. Маман ретінде ата-аналарға төмендегідей кеңес айтқым келеді. Баланың тілі жаңадан шығып келе жатқанда онымен бір тілде ғана және бала тілімен сөйлесу қажет. Мысалы, ня-ня, пи-пи, бум-бум т.б. сөздерге шектеу қойып, оның дұрыс еместігін түсіндіріп, нан, машина-деп таза айтқызып, баланың ұсақ қол маторикасымен көп жұмыс жасау керек. Ұсақ қол маторикасы арқылы баланың тілі дамиды. Баламен бірге үйде көбірек сурет салыңыздар, мозаика, пазл, түстерді қолдана отырып, сіздер өз балаларыңызды жан-жақты дамыта аласыздар. Кішігірім әңгіме құру үшін суретпен жұмыс жасап, балаға уақыт бөліп, кітап оқып беріңіз. Кітап оқу арқылы баланың ойы, танымы, логикалық ойлауы дамиды. Үйдегі сәби яғни, 1 жарым жастағы балаға тамақты езіп, немесе шайнап беруге болмайды. Өйткені бала тамақтанғанда оның тіл, жақ-сүйектері қозғалып жұмыс жасауы тиіс. Тістері қатты болу үшін балаларға сүйекті көбірек мүжіту керек, сору процесі даму үшін құрт беріңіз, ол өте пайдалы.

Ұйымдастыру. Ересек даярлық топ балаларын құрылымы мен тілдік дамуындағы анықталған ауытқу дәрежесінің себебін табу мақсатында логопедтік тексеру.

     Балалармен жеке (топтық) әңгімелесу.

Диагностикалық сипаттағы арнайы тапсырмалар.

Топ тәрбиешілерімен, ата-аналармен әңгімелесу

Баланы қажет болған жағдайда неврологқа, сурдологқа ақыл-кеңеске жіберу.

Тексеру барысында алынған мағлұматты қорыту, логопедтік қорытынды жасау.

Тілдік қорытынды бойынша анықталған түзету жұмысының бағдарламасын жоспарлау.

ІІ. Жұмыс бағыты.

- артикуляциялық, саусақ, тыныс алу жаттығуы;

- фонематикалық қабылдауын қалыптастыру;

- лексика-грамматикалық жағынан дұрыс қалыптастыру;

- байланыстырып сөйлеуді дамыту;

- сауат ашу және дыбыстық талдау дағдысын қалыптастыру;

- жұмыс динамикасын айқындау мақсатында логопедтік сараптама өткізу.

Топтар арасында іріктеліп алынған тілінде мүкісі бар балалармен қыркүйек айынан бастап диагностика жүреді, ол жерде «Тіл дамыту» картасы ата-аналармен кеңесе отырып толтырылады. Балалармен артикуляциялық және тыныс алу, қол-қимыл жаттғуларын үйреніп, тақпақтар, жаңылтпаштар жаттаймыз. Жүргізілген жұмыстан нәтиже шығару үшін ата-аналар логопедпен бірігіп жұмыс істеп, берген тапсырмаларды үйде қадағалап, баладан сұрап отыруы керек.

  Балаға үйде кітап, ертегі (әңгіме) оқығанда, суреттер қарағанда, мәтін мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беруін, ертегі (әңгіме) мазмұнын айтып беруін, суретте не бейнеленгенін баяндап беруін талап етіңіз. Егер бала қателесір жатса, оны түзетуге асықпаңыз, бала ойын әбден тыңдап алған соң, қате жерлерін түзетуге болады.

  Жанұяда бала үлкендермен әңгімелескенде тек жаңа нәрселерді біліп қана қаймай, өз сөздік қорын байытып,  сөйлемдерді дұрыс құрастырып, өз ойын ашық айта алатын жағдай туғызу керек.