2020 жылдың қаңтар айынан наурыз айына дейін ақын, балалар жазушысы, журналист, Ертіс ауданының құрметті азаматы, КСРО журналистер және жазушылар одақтарының мүшесі, Қазақ КСР-нің еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Мүбәрак Кәрімұлы Жаманбалиновтың шығармашылығын насихаттауға бағытталған бастауыш сыныптар оқушыларының арасында «Жаманбалинов оқулары» көркемсөз оқу шеберлерінің мектепішілік байқауы жүріп жатыр.
Байқау мақсаты – балдырған ұрпақты отансүйгіштікке, қазақстандық патриотизмге баулу, көркемсөз оқу арқылы мәнерлеп оқу, жатқа айту дағдыларын жетілдіру, балалардың ойлау, ақпаратты қабылдау қабілеттерін дамыту.
Бүгін, 17 қаңтар күні, жалпы құрылған кесте негізінде Павлодар қаласының №2 жалпы орта білім беру мектебінің акт залында 120 оқушысы қатысқан аталған байқау өтті. Үш кезеңнен өткен байқауда 1-4 сынып оқушылары байқау ережесі бойынша сынға түсті. «Табиғат сабағы», «Ертегілер елінде», «Сәби жүректі ақын» кезеңдері бойынша мәнерлеп жатқа айту, ақынның өлең-ертегілерінің бірі бойынша сахналық көрініс және өмірі мен шығармашылығына байланысты сұрақтарға жауап беріп, байқаудағы жақсы дайындықтарын көрсетті. Байқауға «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығының әдіскерлері Шакенова А.Ж, Мамбетова З.А қатысты.
Байқау қорытындысы бойынша қатысқан он жеті бала жүлделі үш орын және «Көрермен көзайымы», «Жеңіске деген ұмтылысы» номинациялары бойынша алғыс хаттармен марапатталды. Мектеп ұжымы байқау ұйымдастыруда жақсы дайындығы мен жоғары шеберліктерін көрсетті.