«Жас ұлан» және «Жас қыран» жасөспірімдер ұйымына салтанатты қабылдау рәсімі
Тәуелсіздік күні қарсаңында мектебімізде «Жас ұлан» және «Жас қыран» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы Республикалық қоғамдық бірлестігі қатарына салтанатты қабылдау рәсімі өтті. «Қазақстан! Нұрсұлтан! Жас ұлан!» деп ұрандаған, жүрегінде жалыны бар белсенді оқушылар «Жас ұландар» мен «Жас қырандар» құрамына мүшелікке қабылданды.
«Жас Ұлан» ұйымының мақсаты - өскелең жас ұрпақтың бойында патриоттық, білім мен өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлық, беріктік, Отан тарихына, Тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен болашағына деген жауапкершілікті қалыптастыру.«Жас Ұлан» ұйымының міндеттері Қазақстан халқының тілін, мәдениетін, тарихын білу негізінде өскелең жас ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік әлеуетті қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдердің азаматтық белсенділігі мен саналылығын арттыру.
Сайдың тасындай іріктеліп алынған оқушылардың жанарынан білімге деген құштарлық пен болашаққа деген сенім көрінеді. Мектебіміздің 312-оқушысы осы ұйымның мүшесі. Келесі толқынға 97-оқушы «Жас ұлан» және «Жас қыран» ұйымына қабылданды. Болашақта «Мәңгілік ел» тізгінін ұстайтын азаматтар, бүгінгі «Жас ұлан» және «Жас қыран» қатарына кірген оқушыларымыз екені анық.
«Жас қыран», «Жас ұлан» ұйымына қабылданушыларға төсбелгісі және галстуктерді табыстау рәсімін директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары: Байболова Жұпар Хамитқызы , директордың тәрбие ісі- жөніндегі орынбасарлары: Исағалиева Ұлжан Сабыржанқызы, Әбдімбетова Гүлмира Бахитқызы табыстады.
Іс-шара барысында патриоттық әндер орындалды. Директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары: Байболова Жұпар Хамитқызы құттықтау сөзінде: «Жастарымыз бүгінгідей бейбіт күнде өмір сүріп, Тәуелсіз еліміздің білімді азаматтары болып, ұрпақтарымыз қырандай күшті, ұлтжанды, әрқашанда биік шыңдардан көрінсін. Көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін»,-деген тілегін айтты.