Павлодар ауылының № 40 мектебіндегі «Зарница» ойыны
Ойын оқушылардың шығармашылық қабілетін белсендетеді, оқуға қызығушылықтарын арттырады, өзін-өзі жетілдіруге ынталандырады, өзара қарым-қатынасты жетілдіреді. Жасөспірімдер осындай шаралар барысында бір ұжым болып біріге түседі, тапсырмаларды орындауда бір-біріне деген сенімпаздығы арта түседі.
Ойын оқушылардың өзін-өзі басқаруын жетілдіре түседі, тұлғаның жан-жақты дамуына бағытталған.
Ойын өткізбес бұрын мектептің тәрбие бөлімі келесі мақсат-міндеттерді анықтады:
– жастарды жан-жақты дамыту;
– азаматтық пен отансүйгіштікті тәрбиелеу;
– саламатты өмір салтын насихаттау;
– төтенше жағдайларда тез, шапшаң әрекет жасау дағдыларын қалыптастыру;
– алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын жаттықтыру;
– ойын қызметі негізінде бастамашылықты және өз бетімен шешім қабылдауды дамыту;
– оқушыларды дене шынықтырумен және спортпен айналысуға шақыру;
– балалар мен жасөспірімдерді ерлік-патриоттық тұрғыдан тәрбиелеуді жетілдіру.
Мектеп әкімшілігі, пән мұғалімдері, сынып жетекшілері мен оқушылардың бірлескен жұмысы барысында қойылып отырған мақсаттар игерілуде.
“Зарница” ойынына мектептің орта буын оқушылары қатысты.
Ойынға дене шынықтыру сабағынан босатылған және ДКК анықтамасы бар, өзін нашар сезінетін оқушылар қатыспайды.
Ойынға негізгі екі команда қатысты: қызылдар және көктер командасы. Командаға сыныптар жеребе тарту арқылы іріктелді. Қатысушылардың орташа жасы біркелкі болу керектігіне назар аударылады.
Педагогтар санынан взводтарға жетекшілік ететін 2 адам тағайындалды. Жетекшілер балалар өмірі мен қауіпсіздігіне жауап береді.
Ойын бағдарламасы негізгі үш кезеңнен тұрады:
I.Саптық байқау. II. Жекелеген топтар жарысы. III. Қорытындылау.
Ойын дәстүр бойынша саптық байқаудан басталды. Байқау өткізілгеннен кейін әр командадан «медбибілер», «аспаздар», «барлаушылар» және «жедел топ» мүшелері жарыстарға қатысты.
Бір мезетте, бірақ әр түрлі учаскелерде жекелеген топтар жарыса бастады.
Медициналық топ үшін алғашқы көмек көрсету бойынша әскери-спорттық эстафета өткізілді.
Барлаушылар үшін топографиялық карта бойынша жүру, жасырын сөзді табу т.б. тапсырмалар даярланды.
Жедел құрам үшін әскери-спорттық эстафета өткізілді.
Аспаздар үшін "Алау жағу және ботқа пісіру" сайысы өткізілді.
Ойын дәмді түскі ас ішумен аяқталды, команда аспаздары тәтті ботқа пісіріп, оқушыларға ыстық шай берді.
2013 жылғы «Зарница» әскери- спорттық ойынының қорытындысы бойынша «қызылдар» командасы жеңімпаз атанды!