16 наурыздан бастап 2-ші сәбилер тобы мен дайындық топтары арасында аталмыш ертеңгіліктер болып өтті. "Көңілді көктем" ертеңгілігінде Көктемнің көңілі балалардың шаттық күлкілері мен құйқылжыған әндерінен, майысып билеген билерінен одан сайын шаттана түсті. Балалар кішкентай болса да, бар өнерлерін ортаға салып, мерекенің ажарын бал тілдерімен ашты.
19 наурыз күні "Сиқырлы қызғалдақ" ертегісі ересек Г тобында өтті. Көктемнің алғашқы гүлдейтін гүлдерінің бірі қызғалдақты Қара құйын ұрлап кетіп, мерекенің шырқын бұзды. Бірақ Ертөстік батыр, Тазша бала, Желаяқ, Таусоғар, Саққұлақтар алыс жол жүріп небір қиындықтардан, Мыстанның арам пиғылынан, Шайтандардың арбауынан жеңіл құтылып, ақыры Қара құйынмен шайқаста жеңіп, қызғалдақ гүлін аман - есен сақтап, Наурыз мерекесін балаларға алып келді. Балалар батыр болып, кішкентай ержүрек жүректерімен осындай қиыншылықтардан өткенде, қалай "тәуба" демейсің, сахналық көрініс тамаша өтті. Балалардың мақалдары, нақыл сөздері көп толғантты.
20 наурыз дайындық топтарында "Наурыздың Көктемге үйленуі" деген ертегі барысында өтті. Жарық атты ханымыз өзінің қызын Көктемді тексіз Наурызға бергісі келмей көп қитұрқы жасады, Наурызды көп сынап, тапсырма беріп, кедей деп менсінбеді, бірақ Алдар Көсе мен Тазша бала Наурызды қастерлейтін халқынан қалым жинап бай алдына тастады, сөйтсе ханға байлықтың, қалымның мүлде керегі жоқ екен, оның бір қайғысы сұрапыл Боран Көктемді қырға шығармай, орнын бермей отыр екен, соны Наурыз жеңіп, Жарық ханның алдында батыр атанып, Көктемге үйленді. Сахналық көрініс толық спектакльдей болып өтті. Сахна киімдері көздің жауын алады. Ата - аналар "қыздарын моншақтай, ұлдарын құлыншақтай" қылып киіндіріпті. Барлық ата- аналарға дән ризашылығымызды білдіреміз. Наурыз құтты болсын!