Білім беруді дамытудың 2011-2020 жж. арналған мемлекеттік бағдарламасына және «Білім туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтыруларға байланысты білім беру ұйымдарында оқу жетістіктерін сырттай бағалау (ары қарай - ОЖСБ) енгізілді.
Білім беру ұйымдарындағы ОЖСБ-ның мақсаттары:
1) білім алушылардың оқу жетістіктерін мониторингілеуді іске асыру;
2) оқу үрдісін ұйымдастырудың тиімділігін бағалау;
3) білім беру ұйымдары іске асыратын білім беру қызметтерінің сапасына салыстырмалы талдау жасау.
ОЖСБ оқушылардың негізгі орта білімнен кейін (9 (10) сыныптан кейін) оқу бағдарламаларын меңгеру деңгейін анықтау және білім беру қызметі сапасын бағалау мақсатында жүргізіледі.
ОЖСБ-ны өткізу мерзімін білім беру саласындағы уәкілетті ұйым белгілейді.
Негізгі орта білімдегі ОЖСБ оқушылар білім алатын білім беру ұйымдарында өткізіледі. 2012 ж. ОЖСБ өткізуге барлық мектептердің 10%-ы іріктеліп алынды.
ОЖСБ кешенді тестілеу нысанында қағаз түрінде де, және сонымен қатар заманауи ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы да өткізіледі.
Тестілеу тапсырмалары жалпы білім беру бағдарламаларының негізінде жасалады, олардың көрсетілген бағдарлама шеңберінен шығуы мүмкін емес.
9-сыныптардағы оқу жетістіктерін сырттай бағалауға міндетті түрде қазақ тілі мен уәкілетті органның бекітілуімен жыл сайын анықталып отыратын 3 пән кіреді.
Әр пән бойынша тест тапсырмаларының саны — 20.
4 пән бойынша тестілеуге 120 минут (2 сағат) беріледі.
ОЖСБ нәтижелері әрбір дұрыс жауапқа 1 балмен бағаланады.
Нәтижелерді өңдеу ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пункттерінде жүргізіледі.
ОЖСБ нәтижелері өткізілгеннен кейін 3 күнтізбелік күн ішінде оқушыларға хабарланады.
ОЖСБ нәтижелерін рейтингілік зерттеулер жүргізетін ұйымдар пайдалануы мүмкін.