Акциялар
Дулат Бабатайұлы (1802, Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы,Сандықтас қонысы — 1874, сонда) — көрнекті ақын. Өлеңдері ел ішінде көп тараған. Дулат шығармалары негізінен дидактикалық негізде жазылған. 1880 жылы Қазанда жарық керген «Өсиетнама» деген жинағына ақынның замана туралы толғаулары енген. Орта жүз құрамындағы найман тайпасынан шыққан. Өмірі туралы деректер толық зерттелмеген. Өлеңдері ел ішіне ауызша және қолжазба түрінде таралған. Ақын «Тегімді менің сұрасаң», «Ал, қарағай сұлу сындарлы», «О, Сарыарқа, Сарыарқа», «Асқар таудың сәні жоқ» атты өлеңдерінде ел басқару ісіндегі озбырлық, әділетсіздікті, патшаның отаршылдық саясатының әсерінен жер-қонысынан айрылған ел жағдайын сөз етсе, «Сүлейменге», «Кеңесбайға», «Бараққа», «Ел аралаған ишанға», «Еспембет» өлеңдерін жеке кісілерге арнайды. Ақын 19 ғасырдың 40-50 жылдарында өндіре жазған. Бұл - Ресей патшалығының қазақ жерін отарлау саясатының барлық салада бел алған кезі. Дулат осыны жыр өзегі етсе, кертартпа феодалдық-хандық дәуірді жоқтағаны емес, тәуелсіздікті, еркіндікті аңсағаны еді.
---------------------------------------------------------------------------------------