Сенім телефоны
630590
Мекенжайы: Ткачев көшесі15/1
630503 630590
Білім бөлімінің басты бетіне қайту
Азаматтарды жеке қабылдау кестесі:
7.00 - 19.00
Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша бағыт-бағдар
12-05-2022 10:34
Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша бағыт-бағдар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша биылғы 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.

Конституциялық реформа – Прези­дент­тің наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалар бағ­дар­ламасын жүзеге асыру үшін қол­ға алынған маңызды іс-шара.

Конституциялық түзетулер жобасы азаматтардың сұранысына негізделген және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылмақ. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен то­лық­тырулар жобасын белгілі заң­­гер-құқықтанушылар және конс­­титуциялық құқық саласы­ның ма­мандары әзірледі. Оған Конс­ти­туциялық Кеңес оң бағасын берді.

Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың бәрі өзара байланысты және бір мақсатты көздейді. Атап айтқанда, мынадай үдерістерге құқықтық негіз қалыптастыруға арналған:

  1. Суперпрезиденттік бас­қару үлгісі­нен президенттік респуб­ликаға түбегейлі көшу;
  2. Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу;
  3. Парламенттің рөлін күшей­тіп, мәртебесін арттыру;
  4. Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту;
  5. Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру.

«Қазақстан Республикасының Консти­ту­циясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы республи­калық баспасөзде 6 мамыр күні ресми түрде жарияланды.

Конституцияның қазіргі және жаңа нұсқаларының айыр­машы­лығын түсіну, ұсынылып отырған көптеген түзетудің байыбына бару мұндай істен хабары аз адам үшін қиындық туғызатыны анық.

Сондықтан жұртқа ұғынықты болу үшін бұл түзетулер Ата Заңның нақты баптары мен тар­мақ­тары көрсетілген бірнеше бөлікке бөлінген.

Суперпрезиденттік басқару үл­гісінен президенттік респуб­ликаға түбегейлі көшу

Конституциялық реформа билік тармақ­тары арасындағы қарым-қатынас­тың тепе-теңді­гін және оңтайлы болуын қалыптас­тырады. Сондай-ақ президенттік институттың барынша дербес болуын қамтамасыз етеді.

Ата Заңымыздың 43-бабына 3-тар­мақ қосылады. Онда Қазақ­стан Рес­пуб­ли­касының Прези­денті өз өкілеттік­терін жүзеге асыру кезеңінде саяси партия­да бол­мауға тиіс деп көрсетіледі. Осы логи­каға сәйкес Конституция­лық Сот­тың, Жоғар­­ғы Соттың және өзге де сот­тар­дың төр­аға­лары мен судья­ларына, Орта­лық сайлау ко­­мис­­­сиясының, Жоғары ауди­тор­лық па­ла­тасының төрағалары мен мүшелері­не де осындай тыйым салынады (Конститу­ция­ның 23-бабы 2-тармағының жаңа редакциясы). Соның нәтижесінде саяси бәсеке артып, барлық саяси партияны дамытуға бірдей жағдай қалыптасады, дербес әрі әділ шешім қабылдауға жол ашылады.

Мемлекет басшысы барлық азамат­қа тең мүмкіндік берілуі­нің мызғы­мас кепілі болуға тиіс. Сол себепті Консти­туцияның 43-бабына 4-тармақ қосылады. Онда «Президенттің жақын туыс­тары мемлекеттік саяси қыз­метші­лердің, квази­мемлекеттік сектор субъектілері басшы­ларының қызметтерін атқаруға қақысы жоқ» деп көрсетіледі.

Жұмыс тобы мүшелерінің ұсы­нысы бойынша Тұңғыш Пре­зи­денттің Президент лауазымы­на қатарынан екі реттен көп сай­лануына мүмкіндік беретін бап­тың (Конституцияның 42-бабы 5-тармағының жаңа редак­циясы), сондай-ақ Тұңғыш Пре­зи­денттің мәртебесі мен өкілет­тіктері Конс­титуциямен және конс­титу­циялық заңмен айқында­ла­тыны туралы 46-баптың 4-тармағы Ата Заңнан алынып тасталмақ.

Конституцияның 91-бабынан Тұңғыш Прези­денттің тәуелсіз Қазақстанның негі­зін салушы деген мәртебесі туралы нор­ма алынып тасталады (Конституция­ның 91-бабы 2-тармағының жаңа редакциясы).

Конституциялық реформаның нәти­жесінде тиісті аумақтағы ахуал­ға жауапты жер­гілікті өкілді және атқарушы орган­дардың жер­гілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару өкілеттіктері кеңейеді.

Жобада Президенттің облыстар, рес­пуб­ликалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жоятыны не қол­данылуын толық немесе ішін­ара тоқтата тұратыны тура­лы құзыретін жою көзделген (Конс­титуцияның 44-бабы 3) тармақ­шасының жаңа редакциясы).

Сондай-ақ Президенттің аудан, қала, ауылдық округ әкім­дерін лауазымынан босату туралы құзыретін алып тастау көзделген (Конституцияның 87-бабы 4-тар­мағының жаңа редакциясы).

Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерінің құзыретке ие болу тәртібі де едәуір өзгереді.

Конституцияның 87-бабы 4-тармағы­ның жаңа редакциясына сәйкес енді олар­ды Президент облыс аумағында орналас­қан мәслихат депутаттарының немесе респуб­ликалық маңызы бар қа­лалардың және астананың мәс­лихат депутаттарының келісі­мімен тағайындайды.

Бұл ретте Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсы­нып, дауысқа салады. Дауыс беру­ге қатысқан депутаттардың көпші­лігінің дауысына ие болған кандидат келісім алған болып саналады.

Осылайша, жергілікті билікке қатыс­ты Президенттің өкілеттігі азайып, ол мәслихаттардың рөлін айтарлықтай арттыру арқылы өңірлік деңгейдегі әкімдер­дің қолына жинақталады.