
2011 жылдың 8 маусымы күні Павлодар қаласының №10 сәбилер бақшасында Павлодар облысы педагог мамандарының біліктілігін арттыру институтының курс тыңдаушыларына арналған « Балалармен жұмыс жасау үрдісінде денсаулық сақтау технологияларын қолдану» атты тақырыбы бойынша семинар өтті. Семинарға көптеген аудандар мен қалалардан тәрбиешілер, педагогтар қатысты.
Ең алдымен балабақша директоры Ботагөз Қайыржанқызы Темірбекова сәбилер бақшасының жағдайымен таныстырып , мәліметтер берді. Семинарға қатысқан тәрбиешілер қазіргі заман талабына сай балабақшаға қызығушылықпен қарап, аралап көрді.
Семинарды балаларға таңертеңгілік жаттығулар жасату арқылы дене шынықтыру мұғалімі Серік Ағыбайұлы Құрманғазинов бастады. Берілген жаттығулары бағдарламаның талаптарына сай. Серік Ағыбайұлының дауыс ырғағы балалаларға нақты және түсінікті болды.
Екінші санаттағы тәрбиеші Жангүл Жаңбырбайқызы Жұманова тіл дамыту пәні бойынша «Біз бақытты баламыз» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Әдістеме бойынша сабақ мазмұнды және қызықты түрде құрылған. Сабақты өте жоғары деңгейде өтті деп бағалады. Балалар сабаққа өте белсене қатысты. Сабақта тәрбиеші өленді бірнеше жаттау тәсілдерін қолдана отырып, тірек сызба арқылы үйретті. Жангүл Жаңбырбайқызы дәстүрлі емес денсаулық сақтау технологияларының түрлеріне көп назар аударды.
Келесі бірінші санаттағы дене шынықтыру нұсқаушысы Роза Қазизқызы Есмуханова «Дені саудың – жаны сау» тақырыбында ашық сабақ көрсетті. Әдістемелік жағынан дұрыс құрастырылған және сабақта дәстүрлі емес денсаулық сақтау технологияларды қолданды. Педагог сабақтың тығыздығы мен қарқынына назар аударды. Сабақты талдау барысында, семинарға қатысқан барлық тәрбиешілер көп мағлұмат алып, тәжірибелерін толықтырды деп ойлаймыз. Сабаққа қойылған мақсатына толықтай жетіп, бәрінің көңілдерінен шықты. Сабақты тыңдаушылар жоғары сапалы деп бағаланды. Семинарға қатысқан тәрбиешілер рахмет айтып , жылы лебіздерін білдірді.