№10 балабақшаның оқу жылы бойынша жетістіктері
«Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасында ел Президенті бағыт – бағдар бергендей, әр педагогтың басты міндеті – заман талабына сай жан- жақты, сауатты, жан дүниесі әдемілікпен астасқан ұрпақ тәрбиелеу. Балабақшаға алғаш келген, ақ қағаздай еш жазу түспеген бүлдіршіннен білім жиынтығының негізі қаланған оқушы жасап, мектепке шығару – өмірге жолдама берумен бірдей.
Осы орайда , қаламыздағы маңдайалды балабақшалардың бірі, Усолка мөлтек ауданында орналасқан №10 сәбилер бақшасының да атқарған істері баршылық.
Облыстық білім жетілдіру институтының және қалалық оқу бөлімінің нұсқауымен бірнеше рет семинарлар өткізіп, тәжірибелі педагогтар ашық көрсетілім үлгілерін көрсетіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Балабақша негізінде:
1.Жаңа технологиялар үрдісін таныстыру;
2. Денсаулық сақтау кеңістігі;
3. «Өзін- өзі тану» пәні бойынша - 3 бағытта жұмыс жасайды.
Бүгінгі технология мен ақпарат дамыған ғасырда педагог – тәрбиешілер жан – жақты болумен қатар, терең білімді, білікті, жаңа технологияларды игерген маман болулары қажет. Сол себепті өз білімін жетілдіруге келген тәрбиешілерге тәжірибелі педагогтарымыз Т.Қ.Хамитова «Өзін – өзі тану» пәні бойынша, Р.Қ. Есмұханова мен С.А.Құрманғалиев дене шынықтыру сабағының,
Г.Н.Шапихова «Дьенеш блогының жүйесі», Ж.Қ.Жунусова И.П. Мурашковска әдістемесі бойынша,М.Н. Камайлямова жаңа технологияның озық үлгілерін көрсетті.
Оқу бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген «Үздік оқу- әдістемесі» конкурсына қатысып, дене шынықтыру нұсқаушысы Р.Қ.Есмұқанова 3- орынды иеленді.
Сонымен қатар, балабақша ұжымында ізденімпаздығымен, белсенділігімен көзге түсіп, өз үлестерін қосып жүрген жас мамандар да бар. Олар: Ж.Ж.Жұманова, А.Қ.Ахметқалиева, Ә.Д.Мүскенова, Б.А.Жұмажанова, К.А. Қожағұлова, Қ.Ж. Жұманова , Т.У.Алишева т.б.
Ұжым басшысы Б.Қ.Темірбекованың қажырлы да, қайратты іскерлігі және тікелей басшылығы арқасында өткен оқу жылы қорытындысы бойынша облысымыздағы балабақшалардың ішінде «Ең үздік балабақша» Гран-при иегері атанса, биылғы оқу жылында «Білім ұясы» 3 республикалық конкурсының «Үздік балабақша» номинациясына қатысып, білім министрі Б.Жұмағұловтың Алғыс хатымен марапатталды.
«Дені саудың – жаны сау» дегендей, тәні де, жаны да сау, рухани бай, эстетикалық жағынан сезімтал бүлдіршіндерді әсемдік әлеміне неғұрлым кеңінен жақындатып, өнерге баулитын сәт – мектепке дейінгі кезең. Сондықтан бүлдіршіндеріміз қалалық және облыстық конкурс, байқауға үнемі қатысып, бағын сынап келеді. Соның нәтижесінде әуен сазын түсініп, сәнді қимыл жасай білуге үйреткен хореограф Г.Ү.Шакенованың дайындауымен қалалық оқу бөлімі ұйымдастырған «Рауан» фестивалінде «Нәзік» биімен лауреат атанса, облыс басқармасының ұйымдастыруымен облыстық балалар шығармашылығы «Бүлдіршін» фестивалінде лауреат атанды. Сонымен қатар, интеллектуалдық шығармашылық «Балбұлақ» дәстүрлі сайысында 3 орынды иеленді.
Бүлдіршіндеріміз жылда каратэ секциясы бойынша қалалық, облыстық, республикалық сайыстарға белсене қатысып, балабақша абыройын асқақтатып жүр. Мысалы, Мұхаметқалиев Ислам 5 жастағы бүлдіршіндер бойынша Шығыс Қазақстан облысында өткен республикалық сайыста жүлделі 1 орынды иеленсе, Смаилов Әлихан «Көктем тамшысы – 2012» спорттық би түрінен әр түрлі категория бойынша 1,2 орындарға ие болды.
Бейнелеу пәні бойынша «Мен әлемді бейнелеймін!» шығармашылық конкурсына қатысып, жас суретшілеріміз дипломмен марапатталды.
Жас бүлдіршіндерге есігін айқара ашқанына биыл күзде 5 жыл ғана толатын болса да, балабақшаның атқарған істері ұшан – теңіз. Әр түрлі мемлекеттен келген қонақтар да осында ат басын бұрады. Биылғы оқу жылында Венгрия посолі балабақша жағдайымен танысып, риза көңілмен аттанды. Ұйымшыл ұжымның алар асуы әлі де алда деп ойлаймын.
Ж.Қ.Жунусова –
№ 10 балабақшаның педагогы